МӘСҚ: Жүкті әйелдерге 650 мыңға жуық стоматологиялық қызмет көрсетілді

30 Қыркүйек 2020, 19:08
1864
Бөлісу:
МӘСҚ: Жүкті әйелдерге 650 мыңға жуық стоматологиялық қызмет көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың қаңтар-тамыз аралығында 3 миллионға жуық стоматологиялық қызметті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төледі. 

Биыл 8 айда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халыққа 2,8 млн-нан астам стоматологиялық қызмет көрсеткені үшін 5,1 млрд теңге төледі.

Оның ішінде 18 жасқа дейінгі және жүкті әйелдерге жоспарлы түрде 650 мыңға жуық қызмет, халықтың жекелеген санаттарына шұғыл стоматология бойынша 2,1 млн қызмет, сондай-ақ, балаларға ортодонтиялық көмек көрсету бойынша 1 707 қызмет көрсетілді.

Естеріңізге сала кетейік, МӘМС жүйесінде жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі.

МӘМС жүйесінде шұғыл стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, 1, 2, 3-топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратындар, мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар ала алады.

Ортодонтиялық көмек жақсүйек-бет аномалияларын жоюға арналған аппаратты пайдалана отырып, жақсүйек-бет аймағының туа біткен патологиясы бар 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі.

Сондай-ақ, биылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС пакеті бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балаларды - атаулы әлеуметтік көмек алушыларды қолдауды көздеді. 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға түрлі жақ сүйек-бет аймағының ауытқулары (тістем бұзылулары, жақтың микрогнотиясы) кезінде ортодонтиялық көмек көрсетілетін болады. Бұл көмекті 9 мыңнан астам бала алады. Осы жылдың соңына дейін 415 млн теңге қарастырылған.

Стоматологиялық көмек алу үшін пациент емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгіне алады. Бұл ретте стоматологиялық қызмет көрсететін клиника Қордың әлеуетті өнім берушісі болып табылады және әлеуетті өнім берушілер тізілімінде болуы маңызды, - деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ел бойынша 626 жеткізуші стоматологиялық қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 346 мемлекеттік және 280 жеке клиникалар. Биыл Қор жеткізушілерінің саны 2019 жылмен салыстырғанда өсті. Өткен жылы 522 жеткізуші стоматологиялық көмек көрсетті. Оның ішінде 315 мемлекеттік және 207 жеке меншік.

Шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету пациенттің еркін таңдауы негізінде жүзеге асырылады (бала - ата-ана немесе заңды өкіл болған жағдайда) және пациенттің тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің жолдамасының болуы талап етілмейді. Қызмет көрсету фактісі және стоматологиялық көмек көлемі ақпараттық жүйеде тіркеледі. Бұл МСАК ұйымы мен стоматологиялық клиникалар арасында бірлесіп орындау шартын жасасу үшін негіз болып табылады. Ол ақпараттық жүйеде автоматты түрде қалыптастырылады, - деп түсіндірді қордан.

Көрсетілген қызметтерге ақы төлеу пациенттің тіркелген жері бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымы (емхана) арқылы жүргізіледі.

Көрсетілген қызметтер оларды көрсету фактісі бойынша ақпараттық жүйеге енгізілетініне назар аударамыз.

Медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы жүгіну қажет, қосымшаны Play Market және App Store арқылы  орнатуға болады.


Өзгелердің жаңалығы