Бас жаңалықтар
Су тасқыны: Үйі қирап, малы қырылғандарға көмек көрсетіледі
03 Мамыр 2020, 16:31 517

Су тасқыны: Үйі қирап, малы қырылғандарға көмек көрсетіледі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Мақтааралда үйі қирап, малы қырылған халықтың тізімі жасақталады. Сол үшін халыққа алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, қазір су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек көрсету үшін арнайы Қор құрылған. Бұл қорды Nur Otan партиясы және өңірдің ақсақалдар алқасы басқарады. Ондағы әр тиынға есеп беріледі. 

Сонымен қатар, ол Мақатааралдағы су тасқынына байланысты ауыл шаруашылығы саласы бойынша түгендеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. 

Қазірдің өзінде 3600 гектардан астам ауылшаруашылық дақылдарының су астында қалып, зардап шеккені анықталды. Алдын ала болжам бойынша шығын көлемі 404 млн теңгені құрайды. Нақты мәлімет су кеткен соң белгілі болады. Әсіресе, Жаңа Жол, Еңбекші ауылдық округтеріне қарасты Жеңіс, Жантақсай ауылдарындағы егістік алқаптары көп зардап шеккен. Су астында қалған алқаптың 85% мақта, қалғаны жоңышқа мен жүгері. 95 маманнан тұратын жұмыс тобы су астында қалған егістік алқаптары мен мал шығынын түгендеуде, - деді әкім орынбасары. 

Сондай-ақ, Мақтаарал ауданында алдағы уақытта су басу қаупі бар деген ауылдардағы малдарды қауіпсіз жерге орналастыру жұмыстары жүріп жатыр екен. Қазір су басқан және қауіпті деп танылған 7 елді мекеннен 3115 ірі қара, 1101 жылқы, 585 қой, 34 түйе көшірілген. Қырылып қалған мал саны әзірге белгісіз.

Бұған дейін әкім орынбасары тасқын су салдарынан жалпы 620 үй жапа шеккенін айтты.


Фото: дереккөз
Загрузка...