Бас жаңалықтар
Сыбайлас жемқорлық мемлекет имиджіне қалай әсер етеді?
28 Қазан 2020, 12:32 165

Сыбайлас жемқорлық мемлекет имиджіне қалай әсер етеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сауалға бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінде өткен онлайн брифингінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы дипломатия институтының директоры, еліміздің бірінші Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов айтты. 

Оның айтуынша, Қазақстанда Еуропа елдері мен Сингапур сынды мемлекеттерінің инвесторлары жоқтың қасы. Коррупция деңгейі нөлге тең елдер Қазақстандағы жобаларды инвестициялауға қорқады. Олар тендер ұту үшін табыстың белгілі бір пайызын беру керектігінен, қағазбастылықтан арылу үшін қосымша сый қажет екендігінен, жалпы мұндағы жағдайдан хабардар. 

Елдегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі мемлекеттің имиджіне осылайша әсер етеді. Тіпті Францияның Қазақстандағы елшісінен осы сөзді өз құлағыммен естігенім бар. Біз елдегі сыбайлас жемқорлықтың көрсеткіші 2-3 пайызға төмендеді деп қуанумен шектелмеуіміз керек. Бұл бағыттағы күрес қатаң болуы тиіс. Және оған халық та атсалысу керек. Бұл бәрімізге қатысы бар ортақ мәселе, - деді ол.

Сондай-ақ ол коррупциясы жоқ Финляндия, Германия, Сингапур сияқты елдердің мемелекеттің билігі мен халқы арасындағы арақатынасты мысалға келтірді.

Жемқорлық деген түсінік жоқ елдердің мемлекеттік қызметкерлері мен билігі өздерін халықтың қызметшісі деп санайды. Халық оларды бізге қызмет етеді деген мақсатпен сайлайды. Солай болуы да керек. Өйткені билік өкілдерінің айлығы халықтың қалтасынан төленіп отыр. Сондықтан билік халыққа қызмет етуі керек, халық билікке емес. Біз де осыны түсіну керекпіз, - деді ол.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес қандай болу керек деген сауалға Төлеутай Сүлейменов Израильдің саяси қайраткері Голда Меирдің сөзімен жауап берді.

Мықты мемлекет құру үшін үш негізгі міндетті жүзеге асырса жеткілікті. Бірінші сыбайлас жемқорлықты заңға қайшы әрекет деп танып, қылмыс қатарына жатқызу. Екінші сол қылмыс үшін өлім жазасын тағайындап, жемқорларды «халық жауы» деп атау, үшінші дәрігерлердің, мұғалімдердің және әскерилердің жалақысын көтеру. Қаншама жыл өтсе де, Голда Меирдің осы сөздері әлі өзекті болып тұр. Қазір елімізде де аз шаралар қабылданып жатқан жоқ. Соңғы заң осының айқын дәлелі. Дегенмен оның бәрі сөз жүзінде қалмауы тиіс. Сондай-ақ жемқорлыққа халықтың әлеуметтік жағдай да әсер ететінін ескеруіміз керек, - деді ол.

Фото: дереккөз
Загрузка...