Түркістан облысында онлайн оқыту жүйесі алынып тасталды

5 Сәуір 2020, 15:06
1448
Бөлісу:
Түркістан облысында онлайн оқыту жүйесі алынып тасталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында шалғай ауылдарда ғаламтор желісі сапасының тиісті деңгейде болмауына байланысты онлайн оқыту жүйесі алынып тасталды. 

Осыған байланысты қашықтықтан білім беру процесі "Балапан", "Еларна", "Оңтүстік" телеарналары, «Қазақрадиосы» және «Қазпошта» АҚ-ның көмегі арқылы жүзеге асырылады. Бұл туралы облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, бүгінгі күні білім берудің жаңа жобасына байланысты дайындық жұмыстары қызу түрде жүргізілуде.

Қазіргі таңда облыстағы 909 орта білім беру ұйымдарында 488 182 оқушы білім алып келеді. Оның 80% ауылдық жерлерде оқиды. Үй жағдайында интернет желісіне мүмкіндігі бар оқушылар саны 124 мың оқушыны құрайды, ал, 121 мың оқушының компютерлік техникалары жоқ. Осы ретте ұстаздар мен оқушыларды тиісті компьютерлік техникамен қамтамасыз ету үшін мектептердегі 29 мың компьютерлер мен ноутбуктер өз жауапкершіліктері негізінде таратылып берілді. Жалпы 9 мыңға жуық оқытушының компьютерлік техникасы және 11 мың оқытушыда интернет желісін пайдалану мүмкіндігі жоқ болатын, – деді Рақымбек Қуатбекұлы.
Жалпы облыстағы 429 943 оқушы республикалық "Балапан", "Еларна", "Қазақрадиосы", "Оңтүстік" телеарналары мен "Қазақрадиосы" және "Қазпошта" АҚ арқылы қашықтан оқитын болады. Білім және ғылым министрлігінің дайындаған видео сабақтарын жергілікті телеканалдар да оқушыларға тиімді уақыттарда көрсетілімдер ұсынатын болады. Телеарна көруге мүмкіндігі жоқ шалғай елдімекендердегі 320-дан астам оқушы "Қазақрадиосы" және "Қазпошта" АҚ көмегін пайдаланады. Ұстаздар қосымша аптасына бір рет оқушыларға Whatsap», Telegram мессенджерлерінің көмегімен тапсырмаларын арқылы беріп отырады.

Алайда, ғаламторға қосылуға мүмкіндігі бар қалалық мектептердегі 57 421 оқушы қосымша ретінде Bilimland, Daryn online, Күнделік.КЗ, оқытуға арналған порталдарды пайдалана алады. Бұл жүйемен білім алу ешбір оқушыға міндеттелмейді.

Айта кетейік, Арыс қаласындағы бала саны 5-80 дейінгі шағын 9 мектеп сабақтарын бұрынғысынша дәстүрлі түрде өте береді. Тауарлар мен қызметтердің сапасы бөлімінің рұқсаты алынған. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай оқушылардың сабағы 30 минуттыққа қысқартылған және екі ауысымда жүргізіледі. Арадағы үзіліс кезінде бөлмелер желдетіліп, қауіпсіздік шаралары сақталады.

Өзгелердің жаңалығы