Бас жаңалықтар
Түркістанда бас дәрігерлер Nur Otan-да онлайн қабылдаулар өткізді
12 Шілде 2020, 14:48 229

Түркістанда бас дәрігерлер Nur Otan-да онлайн қабылдаулар өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы Түркістан қаласында орналасқан "OpenSpace" бөлімшесінде коронавирус пен өкпе қабынуының алдын алу және емдеу бағытындағы жұмыстар бойынша тікелей эфирде онлайн қоғамдық қабылдау өткізді.  

Ондағы мақсат – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  халықпен тікелей байланыс орнату тапсырмасын жүзеге асыра отырып, жұртшылыққа  бүгінгі ахуалды баяндау болатын.  

Қоғамдық қабылдауға Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеме жасап, өңір тұрғындарының сұрақтарына онлайн режимінде жауап берді. Эфирді Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды.

Марат Пашимов әуелі індетпен күрес кезіндегі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, Түркістан облысы бойынша 10 шілдеге дейінгі жағдайға сай 2100 науқастан коронавирус анықталған. Оның 1116-сы симптомды түрі болса, 990-ы симптомсыз. Десек те, науқастардың бүгінге дейін 819-ы жазылып шыққан. Өкінішке қарай, 20 адам коронавирус инфекциясынан көз жұмған. Ал пневмония бойынша 5421 науқас тіркелсе, оның ішінде 4720 адам (87,1 пайыз) ауруханаға жатқызылған. Бүгінгі күнге 2993 науқастың  63,4 пайызы ауруынан айығып шыққан. оның
Жұқпалы аурулармен күрес мақсатында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей қадағалауымен барлық шара атқарылуда. Білесіздер, инфекциялық госпиталь бөлек, провизорлық бөлек. Біріншіден, ашқанда инфекциялық госпитальда 220 төсек-орын болған. Қазір ол қосымша 440-қа дейін көбейді. Жансақтау бөліміне қосымша 21 төсек-орын қарастырылған. Қазіргі таңға инфекциялық госпитальда 202 науқас ем қабылдауда. 238 төсек-орын, яғни 45 пайызы бос тұр. Оның ішінде өкпені жасанды желдету аппараттарымен 1 науқас ем қабылдауда. Осы жерден 1895 провизорлық стационарлық орын ашылған. Жансақтау бөліміне қосымша 74 төсек-орын қарастырылған. Қазіргі таңда облыс бойынша 178 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Күндізгі стационар облыс көлемінде алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдастырылған, оның базасында қосымша 596 төсек-орын қарастырылып отыр, - деді Марат Пашимов. 

Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде 124 жедел жәрдем көлігі қызмет атқарады. Соның ішінде 25 автокөлікке ИВЛ аппараттары басқарма тарапынан  сатып алынып,  орнатылған. Сонымен қатар, 50 өкпені жасанды желдету аппараттары сатып алынып, қазіргі таңда авткөліктерге орнатылуда. Және де облыс бойынша басқармаға қарасты мекемелерде 11 компьютерлік томография бар. Жалпы облыста індетпен күрес кезінде 120 медицина қызметкері ауру жұқтырса, оның 5-і көз жұмған.

Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы халық арасында "Жедел жәрдем шақыру ақылы болады. Құны 5400 теңге" деген негізсіз қауесетке сенбеуге шақырды. Ол, сондай-ақ, ондай бұйрық енгізілмегенін жеткізді. Бұл жалған ақпарат 15 маусымнан бастап ауруханаға науқастар көп түскеніне байланысты тараған болатын. Басқарма басшысы бұл жағдайды да түсіндіріп өтті. Облыс бойынша 15 маусымнан бастап ауруханаға 3300-ге дейін науқас жатқызылған. Қазіргі таңда жағдай тұрақталып келеді. Яғни тәулігіне түсетін қоңырау 2000-ға төмендеген. 103 жедел байланыс нөмірлері тәулік бойы жұмыс атқаруда және әрбір қоңырау аудиоға жазылып отырады. Диспетчердің де жұмысы жіті бақылауда.

Дәрі-дәрмекке байланысты ақпаратында Түркістан облысы бойынша 923 дәріхана бар екенін атап өтті. Коронавирус пен пневмонияға қарсы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен  Өзбекстанның Ташкент қаласынан жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын  2 фура жүк көлігімен дәрі-дәрмек жеткізілген.  Олар ертеңнен бастап емдеу мекемелеріне таратыла бастайды. Сондай-ақ, Түркия елінен де қажетті дәрілер алдырылуда.  Бұл туралы облыс басшысы 9 шілде күні өткізген брифингте мәлімдеме жасаған болатын.

Басқарма басшысы М.Пашимовке эфир барысында тұрғындар тарапынан  50-ден астам сауал жолданып, оның негізгілеріне жауап берді. Алдағы уақытта партия алаңына бас дәрігерлер арнайы келіп, осылай ашық форматта онлайн қоғамдық қабылдаулар өткізеді. Елдің сауалдарына тікелей жауап беріп, туындаған мәселелерді шешуге жұмылады. Сонымен бірге індетке байланысты халыққа дәрі-дәрмек пен демеушілік көмектерді бірлесе ұйымдастырып, жүргізеді. Басқарма басшысы тұрғындарды карантин режимін қатаң сақтауға шақырды.



Фото: дереккөз
Загрузка...