Түркістанда үш кооператив бар, оның біреуі экс-премьерге тиесілі - Шөкеев

26 Мамыр 2020, 10:12
5719
Бөлісу:
Түркістанда үш кооператив бар, оның біреуі экс-премьерге тиесілі - Шөкеев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдің көктемгі егістік жұмыстары туралы айтты.

Түркістан облысында 857 200 егістік алқап бар. Көктемгі егіс жұмыстары толығымен аяқталды десе болады (92%). Тек су шайып кеткен Мақтаарал ауданындағы егісті қайтадан егіп жатырмыз. Жалпы, тыңайтқышты субсидиялау толықтай аяқталды. Тұқым жетеді. Енді негізгі мәселе - егісті әртараптандыру. Дәстүрлі біздің дақылдарымыз - мақта мен масақты азайтып, орнына көкөніс, мал азығы, майлы дақылдарды көбейту. Жағдайды түбегейлі өзгерту үшін жаңа технологияларды көбейтуіміз керек, - дейді Өмірзақ Шөкеев.
Ол осыған байланысты үш бағытты ұстанып отырғанын айтты.
Біріншісі, Оңтүстік Қазақстанның ерекшілігі шаруаларда жер телімдері аз. Әрқайсысында 3-5 гектардан, әрі кетсе 10 гектардан бар. Ол жерлерге жаңа технология қолдану мүмкін емес. Сондықтан кооперативтерді құрып, жаңа технологияларды алып келу керек. Түркістанның төңірегінде жаңбырлатып суару технологиясын қолданып отырмыз. Жалпы біздің жоспарымыз 11 мың гектарға осындай технология қолданып, шаруалардың басын біріктіру. Қазір үш кооперативтің басын қостық. Біреуі "Түркістан Агро ХХI" дейтін кооператив. Оған 733 гектар жерге 107 шаруа біріктірілді. Былтырдан бері жаңбырлатып суару технологиясын қолдану арқылы өте жақсы нәтижеге қол жеткізе бастады, - дейді әкім.

Өңір басшысының айтуынша, екінші біріктірілген кооператив "SPK-SAURAN" деп аталады.
Жалпы, былтырғы күздік бидай 60 центнерді көрсетіп тұр. Осы бір-екі аптаның ішінде жүгеріні егуге дайындалып жатыр. Соның арқасында ол жерге сүт-тауарлық фирмасын құрып, италиялық технологиямен құны 3,5 млрд теңге болатын "1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы" жобасы азықпен қамтамасыз ететін болады. Оның жанында "SPK-SAURAN" дейтін кооператив бірікті. Сөйтіп, 650 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын ендіру іске асып жатыр. Алынатын жем-шөп қоры аустралиялық технологиямен "10 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңын" азықпен қамтамасыз ететін болады, - дейді Өмірзақ Шөкеев.
Оның айтуынша, үшінші кооперативтің иесі кезінде Қазақстанның премьер-министрі болған Сергей Терещенкоға тиесілі.
Ал үшіншісі, "Ынтымақ агро" кооперативі. 782 гектар жерді алып отыр. Өздеріңіз білесіздер, Сергей Терещенконың күркетауық өсіретін компаниясы бар. Сол енді тауық етін өндіретін фабрика салып, күркетауықтарды азықпен қамтамасыз етуге кірісіп жатыр, - дейді Түркістан облысының басшысы.


Өзгелердің жаңалығы