Бас жаңалықтар
Түркістанда жыл соңына дейін 48 мектеп пайдалануға беріледі
12 Тамыз 2020, 22:33 236

Түркістанда жыл соңына дейін 48 мектеп пайдалануға беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында 1 қыркүйектен бастап  оқушылардың 92% қашықтан оқыту форматында білім алады. Бұл – өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтау мақсатында қолға алынып отырған шара, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен брифингте мәлімдеді.

Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып, облыстың Бас санитар дәрігері рұқсат берсе, балаp саны 180-нен аспайтын шалғайда орналасқан шағын-жинақы мектептерге дәстүрлі түрде оқуға рұқсат беріледі. Түркістан облысында мұндай шағын мектептер саны - 139, ондағы оқушы саны - 12 мыңнан асады. Осы орайда жергілікті аудан, қала әкімдері мен білім басқармасы бірлесіп, барлық тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауы қажет. Ең алдымен мектепте медициналық қызметкер күні бойы оқушыларды бақылауы қажет. Санитайзерлер орнатылып, әр партаға тек бір оқушыдан отыруы тиіс», деген облыс басшысы шалғай ауылдарға ғаламтор желісін тарту, аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына компьютер беру,  оқушыларды кітаппен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

Бүгінгі таңда аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан оқушылардың компьютерлік техникасы жоқ. Ол үшін Үкімет тарапынан 57 мыңнан астам компьютер әперу процесі жүруде. Аталған техникалық жабдықтар I тоқсанның аяғына дейін жеткізіледі. Компьютерлік техника аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан білім алушыларға және ұстаздарға қашықтан оқыту кезінде пайдалану үшін уақытша берілетін болады, – деп атап өтті. 
Ал облыстағы 838 елдімекеннің 707-де интернет және ұялы байланыс жүйелері бар, ал 131 елдімекенде интернет желісі жоқ. Бұл мәселені оңтайлы шешу бойынша  Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ұялы операторлар "Қазақтелеком" АҚ-мен бірлесе отырып, 2 жылдық дамыту бағдарламасын даярлауда.

Сондай-ақ оқу жылына дайындық барысында облыстағы барлық білім мекемелеріне қажет оқулықтардың 100% қаржысы төленіп, тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылды. 25 тамызға дейін барлық оқушыларға қажетті оқулықтар жеткізілетін болады.

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 48 мектеп пайдалануға беріледі.


Фото: дереккөз
Загрузка...