Бас жаңалықтар
Тәуелсіздік жылдары түрмеде отырғандар саны 70 мыңға азайған
20 Қараша 2019, 10:36 7217

Тәуелсіздік жылдары түрмеде отырғандар саны 70 мыңға азайған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстандағы ағымдағы қылмыстық ахуал туралы баяндады.  

Бүгін Мәжіліс қабырғасында ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралып жатыр. 

Баяндамашы бұл заң жобасы 2014 жылы қабылданған қылмыстық және қылмыстық процестік кодекстердің қолдану практикасына жасалған талдау қорытындысы екенін айтты. 
Бес жыл ішінде проблемалық мәселелерді зерделеп, кемшіліктерді жойып, жаңа ережелер енгізіп отырдық. Заңдылықты, азаматтардың құқықтарын қорғауды барынша қамтамасыз ететін қылмыстық құқықтың тиімді моделі жасалды. Қылмыстық процестің форматы жаңғыртылды және түпкілікті өзгертілді. Теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылымыстар бойынша іс жүргізу жеңілдетілді, жарыспалық өсті және тараптардың құқығын қорғау күшейді. Қылмыстық істі электронды тергеу енгізілді. Экономикалық құқық бұзушылық бойынша қылмыстық заң қаталдығын азайттық. Қазір соттар балама жаза түрлерін кең қолданып отыр, - деп айтты Ахметжанов.
Бас прокурордың орынбасары осы айтылған шаралардың арқасында егемендік жылдары қамауда отырған адамдар саны 70 мыңға азайғанын, түрме индексі бойынша Қазақстан үшінші орыннан 98-орынға көтерілгенін айта кетті. 

Жасалған іс-шаралар қылмыстық ахуалды нашарлатқан жоқ, керісінше жылдан жылға тіркелген қылмыстың саны азайып келеді. Былтырмен салыстырғанда биыл 10 айда қылмыс 16%-ға азайды. Адам өлтіру қылмыстық көлемін сипаттайтын негізгі көрсеткіш. Оның деңгейі ел бойынша 13%-ға төмендеді. Ал соңғы 20 жылда қасақана адам өлтіру қылмысы үш есе азайды. Қылмыстық ахуал бірқалыпты, - деді ол.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...