Бас жаңалықтар
Табиғат қорғаушылары «Елім-ай» сыйлығымен марапатталды
23 Қазан 2020, 23:12 147

Табиғат қорғаушылары «Елім-ай» сыйлығымен марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен тұңғыш рет орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін сақтау саласындағы “Елім-ай” сыйлығы табысталды. Инспекторлар, орманшылар, балық шаруашылығы өкілдері мен экобелсенділер марапатталды.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа биылғы Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екенін айтқан. Көгалдандыру ауқымын кеңейтіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасы қабылданатынын жеткізген. Ал кеше Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында Ұлттық мемлекеттік табиғи парктерде экотуризмді белсенді дамыту қажеттігін тағы да тоқталды. 

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Республика. Аймақ. Даму» қоғамдық қоры ұйытқы болған шараға Министрлер, депутаттар, олимпиада чемпиондары, танымал қоғам қайраткерлері қатысты.

Елімізде тұңғыш рет орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін қорғау саласындағы «Елім-ай» сыйлығын табыстау арқылы біз саладағы үздік мамандарды, жануарларға, жабайы табиғатқа, экологияға жаны ашып, өз еріктерімен қоғамдық істердің басында жүрген азаматтардың еңбегін атап өткіміз келді, - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев іс-шараның ашылу салтанатында. 

Экология министрлігі «Елім-ай» сыйлығы шарасын дәстүрлі түрде жыл сайын өткізбек ниетте. 

Біздің министрлік алдына экология саласындағы қызметкерлердің, экобелсенділердің статусын көтеру міндетін қойып отыр. Сала мамандарының материалдық жағдайын көтеруге қатысты қадамдар жасалды. Браконьерлік үшін жаза қатайтылды. Өткен жылы ақбөкендерді қорғау жолында қорықшыларымыз – Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазиновтың браконьерлер қолынан қаза тапқанын ешкім ұмытқан жоқ. Бұл – инспекторлардың мәртебесін жоғарылату жолындағы белсенді жұмысты жалғастыруымыз қажеттігінің үлкен белгісі, - деп атап өтті министр. 

Номинантттарға сыйлықты ҚР ЭГТРМ Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сенаторлар Бірғаным Әйтімова мен Нұртөре Жүсіп, Олимпиада чемпионы Василий Левит және басқа да қоғам қайраткерлері табыстады. 

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 18 қазанда аталып өткен орман шаруашылығы қызметкерлерінің күнімен құттықтады. 

Төл мереке өз жалғасын бүгінгі күні де табуда. Бұл өздерінің табандылықтары арқылы еліміздің орман байлығын қорғап, көбейтіп жүрген азаматтардың мерекесі. Еліміздің баға жетпес байлығы мен табиғаты арасында, Орман-тоғай – Жер-Ананың адамзатқа берген сыйының бірі. Сондықтан табиғатты аялау мен оның қадір-қасиетін сезіну – адамзатқа, ұрпағымызға парыз, - деді ол өз сөзінде.

«Елім-ай» сыйлығы 16 номинация бойынша табысталды.

«Браконьерлермен күрестегі ерен ерлігі үшін» “Охотзоопром” Ақмола облыстық тірек пунктінің инспекторы Нұрбеков Достай Балғабекұлы марапатталды. Ол 2016 жылы браконьерлермен бетпе-бет келіп, мойнынан пышақ жарақатын алып, ажалдан аман қалған еді. 

Охотзоопром” ӨБ орталық аймақтық филиалының инспекторы Алиев Мұрат Қабиденұлы «Жануарлар дүниесін қорғауда «үздік инспектор» деп танылды. 

Орман шаруашылығы саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан "Самар орман шаруашылығы" Коммуналдық Мемлекеттік Мекемесінің директоры Қабдырғалиев Еркен Чаймұратұлы «Үздік орманшы» атанды. 

«Орман шаруашылығын дамытуға барын салып атсалысқалы үшін» «Семей орманы» мекемесінің Семей қалалық филиалы Батпаев орманшылығының жетекшісі Александр Трушин марапатталды.

«Орман шаруашылығына еңбегі сіңген ардагер» номинациясына «Көлсай көлдері» Мемлекеттік Ұлттық Табиғи Паркінің аға ғылыми қызметкері Ахметов Хамит Ағабекұлы ие болды. Биология ғылымдарының кандидаты 30-ға жуық ғылыми мақала жазды. 

"TMT GROUP" ЖШС басшысы Тұрсынәлі Марлен Тұрсынәліұлы «Үздік балық өсіруші» деп танылды. 

«Карагандинский рыбопитомник» ЖШС «Үздік балық тәлімбағы» атанды.

«Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Үздік ұлттық парк», «Барсакелмес» мемлекетті қорығы «Үздік қорық» аталымын алды. 

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басшысы Ержан Еркінбаевқа «Экотуризмді насихаттау бойынша үздік жоба» номинациясы берілді. 

«Тамыр» жабайы табиғатта серуендей мектебі экологиялық мәдениетті көтеру және адамдардың жабайы табиғаттағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін марапатталды. 

Итбалықтардың қорғаушысы ретінде танылған Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанова «Экологиялық насихат бағытындағы маман» аталымына ие болды.

«Аманат пен ерік-жігер» аталымымен екі қолының жоқтығына қарамастан Ақмола облысында 18 мың ағаш отырғызып, үлгілі іспен өмірден өткен Александр Карповичтің еңбегі аталып өтілді. Сыйлық ұлына табысталды. 

«Өлкетануға қосқан үлесі үшін» «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы Құрманов Алтынбек Жұматұлы марапатталды. 

«Жабайы аңдарға жасаған қамқорлығы үшін» “Сайрам-Өгем” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің биолог-аңшысы Ақынбаев Нұржан Сайранбайұлы марапатталды. 

Жануарларды қорғау қауымдастығының Президенті Лилия Сәрсенова «Үй жануарларын қорғағаны үшін» номинациясын алды. Ол жануарлар паналайтын орталық ашқан.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...