Бас жаңалықтар
Тағы да жер мәселесі: Бұл жолы шу Ақтөбе облысынан шықты
19 Сәуiр 2021, 15:15 840

Тағы да жер мәселесі: Бұл жолы шу Ақтөбе облысынан шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әдеп жөніндегі кеңесте Ақтөбе облысы Байғанин ауданы әкімінің орынбасары, Байғанин аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы, Байғанин ауданы әкімі аппаратының бас маманы-заңгеріне, Қарауылкелді, Ащы, Көлтабан, Қызылбұлақ, Миялы, Жаңажол, Жарқамыс ауылдық округтерінің әкімдеріне қатысты тәртіптік іс қаралды.

Кеңесте аудан әкімінің орынбасары баласының атындағы «Абдулла» ШҚ-ға ауданға қарасты қосалқы жер қорынан 15 бас малы бола тұра, жайылымдық мақсатқа 2400 га жер берілгендігі айтылды. Конкурс комиссиясының бұл шешімі өтінімі қанағаттандырусыз қалдырылған «Шаттық» ШҚ иесінің аудан әкімдігіне шағымдануына алып келген. Аудан әкімінің орынбасары комиссия төрағасы бола тұра мүдделер қақтығысының болуына жол берген.

Мен комиссия мүшелерінің барлығына жауап бере алмаймын, әрқайсысының өз пікірі бар, кімге дауыс беретіндігін өздері шешеді - деді аудан әкімінің орынбасары комиссия мүшелеріне.

Сонымен қатар «Райса», «Төре» және «Нұр» ШҚ-ның жеке қаражаттарының инвестицияға жатпайтындығын алға тартып, берген өтінімдері комиссия мүшелерінің ашық дауысына салынбай, заңсыз заңсыз алынып тасталынған. Шешіммен келіспеген жер комиссиясы мүшелері жазбаша пікірін білдіру құқығын пайдаланбаған. Кәсіпкерлік кодекстің талаптарына сәйкес кәсiпкерлiк қызмет үшiн инвестор салатын мүлiктiң барлық түрi инвестициялар болып табылатындығына қарамастан,  шаруа кожалықтарына жеңімпаз атануға мүмкіндік бермеген.

Қаражаты инвестицияға жатпайды деген әңгіме болған емес, комиссия хатшысы мен төрағаның айтуынша, аталған ШҚ-ның құжаттары толық емес болғандықтан қайтарылды, өз басым дауыс беруге салуды ұсындым, - деді Жаңажол ауылдық округінің әкімі.

Кеңес мүшелерімен Байғанин аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының бір жыл ішінде қайталап теріс қылық жасауына байланысты атқаратын мемлекеттік лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылса, қалған қызметкерлерге қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану шешімі қабылданды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...