Талдықорғанда ауа жағдайын көрсететін LED-экрандар пайда болады

30 Қыркүйек 2020, 12:17
1234
Бөлісу:
Талдықорғанда ауа жағдайын көрсететін LED-экрандар пайда болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Талдықорған тұрғындары келесі жылдан бастап атмосфералық ауаның жағдайы туралы ақпаратты қала көшелеріне орнатылатын LED-экрандар арқылы біліп отыра алады. 

Бұл шара Алматы облысының экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі Жол картасы жобасына енгізілген.
Жол картасы сейсенбі күні Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің қатысуымен талқыланды. 

Алматы облысында ластаушы заттар шығарындысы 2020 жылдың 1 жартыжылдығында 17,1 мың тоннаны құрады. Ағын сулардағы ластаушы заттар 106,96 мың тонна болды, - деді Мағзұм Мырзағалиев қоғам өкілдерімен өткен онлайн кездесуде. 
Өңірдегі қордаланып қалған экологиялық проблемаларды шешу үшін кешенді шараларды қамтитын Жол картасы әзірленді. Аталған құжатқа облыс тұрғындарының ұсыныстары да енеді. Қазір жобада Алматының үшінші Жылу электр орталығын модернизациялап, қоршаған ортаға әсерін төмендету, тұрғын үй алаптарын, әлеуметтік, өндірістік және басқа да ғимараттарды газға көшіру, жасыл желек аумақтарын 200 гектарға дейін кеңейту, Іле ауданында биогаз станциясын салу секілді көптеген шара бар. 

Сонымен бірге халық атмосфералық ауаның жағдайы туралы біліп отыру үшін «Air KZ» мобильді қосымшасындағы ақпаратты Талдықорғанның LED-экрандарына шығару жоспарлануда. Бұл жоспар 2021 жылы жүзеге асады.
Еске салайық, Экология министрлігі қазіргі уақытта әр өңірдегі қоғам өкілдерімен жеке-жеке онлайн-кездесулер өткізіп, экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған Жол карталарын әзірлеуде.


Өзгелердің жаңалығы