Талғат Ермегияевтің баласы Елбасы мен Президентке өтініш жасады

11 Мамыр 2021, 19:08
8332
Бөлісу:
Талғат Ермегияевтің баласы Елбасы мен Президентке өтініш жасады

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. 14 жылға сотталған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының экс-басшысының (қазір QazExpoCongres болып өзгерген) Талғат Ермегияевтің ұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өтініш жасады.

2015 жылдан бері біздің отбасымыз қиналуда. Соңғы алты жыл көлемінде әкесіз өсіп жатырмыз. Мұның бәрі біздің эмоционалды және физикалық денсаулығымызға кері әсер етті. Біздің бүкіл отбасымыздың атынан әкемнің ісіне назар аударуларыңызды сұраймын. Біздің сотқа жасаған барлық заңды әрекетіміз бен шағымымыз еленбей жатыр және біржақты қарайды. Сондықтан соттың объективті және әділ қарауына көмектесулеріңізді сұраймын, - деді Қазыбек Ермегияев YouTube-тегі «Не ХаБаР» арнасына берген сұхбатында. 

Ол сол кезде әкесінің көп уақыт үйінде болмайтынын сезгенін айтты. 

Мен барлығынан ерте оянған тәріздімін. Сосын бөлмесіне кіріп көрдім. Әкем кереуетте демалып жатыр екен. Қасына барып, сүйікті каналын тамашаладық. Басымды әкемнің кеудесінің сол жағына қойдым. Сөйтіп жүрегінің қалай соғатынын тыңдадым. Кішкене көз жасыма ерік бергеніммен, өзіне көрсетпедім, - дейді Қазыбек Ермегияев. 

Талғат Ермегияев темір торға тоғытылған соң, Қазыбек АҚШ-тағы Калвер әскери академиясына оқуға түседі. Тіпті 2017 жылы қазақстандық АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трампты ұлықтау рәсіміне қатысты. Ол соңғы сәтке дейін сот әкесінің түрмеге қамамайтын шешім шығарады деп үміттенгенін айтады. 

Түбі шыңдық жеңіске жетіп, сот шешімі біздің пайдамызға шешіледі деген сенім болды. Мен әкеммен бұл тақырыпта сөйлесуден қорқатынмын, оған бәрібір оңай болған жоқ, - дейді баласы.

Ол әкесінің бұрынғы үзеңгілес достары сот шешімі шыққаннан кейін ат тонын ала қашқандарын да жасырмады. 

Әрине, ондай адамдар болды. Алайда нағыз шынайы достары әлі күнге дейін бізді қолдап, қолғабыс жасап тұрады. Осындай сәтте кімнің нағыз дос екенін көрдік. Біз оларды әлдеқайда жоғары бағалаймыз және олардың біздің отбасымызды осындай қиын жағдайда қолдағанына разымыз. Тіпті, менің де кейбір досым қарым-қатынастарын өзгертті. Анамның да құрбыларының теріс айналғандары бар, - дейді Қазыбек.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияев 2016 жылы 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол ақша жымқырғаны және пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу мәліметтері бойынша, Ермегияев бастаған қылмыстық топ мемлекетке 8 млрд теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.

Өзгелердің жаңалығы