Тараз қаласындағы аялдамалар залалсыздандырылуда

17 Наурыз 2020, 20:45
1686
Бөлісу:
Тараз қаласындағы аялдамалар залалсыздандырылуда
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласындағы аялдамаларда коронавирус жұқпалы дертіне қарсы залалсыздандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Дәл қазіргі ахуалда өте маңызды саналатын бұл жұмысты "Халықтың денсаулық орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеке қаражатымен жүзеге асыруда.

Жалпы, Жамбыл облысының орталығында 640 шақты аялдама бар екен. Өзім жетекшілік ететін ұжымдағы төрт бригада екі топқа бөлініп, жұмыс істеу үстінде. Бір аялдаманы залалсыздандыру үшін небары 5-6 минут уақыт жұмсалады екен. Біз пайдаланып жатқан "Диахлорлюкс" деген препарат өзге түрлеріне қарағанда жедел ериді. Сапасы мен тазалау тиімділігін де жоғары деп айтуға болады, – дейді серіктестік директоры, тәжірибелі эпидемиолог Бауыржан Жылқыбеков.
Десе де, жаппай қалалық шаруаны жүзеге асыру әжептәуір қаржыны да талап ететіні анақы. Ал мекеме жетекшісі бұл жұмысты халықтың денсаулығы үшін әзірге өз қаражаттарына атқаруда.
Алдымен аялдамаларда тұрған жолаушы азаматтарға ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Олар препарат шашыраған жерді басып, қоғамдық көлікке отыру арқылы жолаушылар көлігінің ішін де дезинфекциялайды. Қала ішіндегі аялдамаларды бітіргеннен кейін, "Әулиеата" халықаралық әуежайы, автовокзал және "Тараз" темір жол вокзалының маңындағы аялдамаларды да қамтитын боламыз, - деді Бауыржан Жылқыбеков.

Мекеме басшысының сөзіне қарағанда, бір күннің ішінде екі мәртеден жүргізілетін бұл іс-шара бір ай бойы жалғасады деп жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы