Бас жаңалықтар
Тараз «жасыл аймақтан» «сары аймаққа» өтуі мүмкін – дәрігер
18 Қаңтар 2021, 16:42 221

Тараз «жасыл аймақтан» «сары аймаққа» өтуі мүмкін – дәрігер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Тараз қаласындағы коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы» тақырыбында өткен онлайн брифинг кезінде Тараз қаласының бас санитарлық дәрігері Рита Алтынбасова айтты.

Тараз қаласында коронавирустық инфекция ахуалы тұрақсыз. Өсімі байқалады. Ең алғашқы КВИ жағдайы 2020 жылы наурыз айында тіркелген болатын. Өткен жылы 2 260 жағдай тіркелсе, ал осы жылы қаңтар айының өзінде 240 жағдай тіркеліп отыр. Осы жағдайларды адамның жас деңгейіне бөліп қарайтын болсақ, әсіресе, көбісі 40 жастан асқан, 65 жастан жоғары кісілерде тіркелуде, - деді қаланың бас дәрігері.

Сондай-ақ, ол атағандай, ауру жұқтыратындардың 40 пайызы жұмыссыздар, зейнеткерлер 20-30 пайызды құрап отыр.

Тараз қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық басқармасында коронавирус індеті ошақтары бойынша 4 мобильді топ жұмыс істейді. Мобильді топ тәулік бойы қызметте. Әр тіркелген КВИ жағдайы бойынша емханалардан шұғыл хабар түсіп отырады. Кейін ауру тіркелген ошаққа барып, пациенті вирусты қай жерден жұқтырғанын, кімнен жақын байланыста болғанын анықтайды. Пациентте індеттің симптомдары болса, жедел түрде аумақтық емхана дәрігерлерімен бірге стационарлық емханаға жіберіледі. Жақын байланыста болған адамдар аумақтық емханаларда 14 күн бойы бақылауда болады. Сондай-ақ үшінші және он екінші күні ПТР тестілеу жүргізіледі, - деп түсіндірді Рита Алтынбасова брифингте.

Оның айтуынша, нәтижелері теріс болған жағдайда жақын қарым-қатынаста болған кісілер қалыпты өмірлерін жалғастыра береді.

Әр тіркелген ошақта сараптама дезинфекциялық орталық мамандарымен бірге залалсыздандыру, дезинфекциялық жұмыстары жүргізіледі. Егер кісіден жұмыс істеген орнында анықталса, жұмыс орнында жасалады және тұрғын үйінде. Бұл - инфекция ошағының ары қарай таралмауы үшін жүргізілетін профилактикалық жұмыс. Жоғарыда айтылған 240 науқастың 4-еуі қайтыс болды. Өсім байқалса, көрсеткіш бойынша «жасыл аймақтан» «сары аймаққа» өтуіміз әбден мүмкін болып тұр, - деп айтты бас санитарлық дәрігер.

Дәрігер тұрғындар әлі күнге дейін сақтық шараларын қолданбай отырғанын айтты.

Көшеде маскасыз, халық көп шоғырланатын базарларда, дүкен, супермаркеттерде арақашықтықты, маска режимін сақтамай жүр. Соның салдары деп ойлаймын. Індет жұқтырғандардың арасында зерттеу жүргізгенде, көбінесе пациенттер вирусты қайдан жұқтырғандарын білмейді. Бірақ көшеде, базарда, қоғамдық көлікте болғандарын айтады, - дейді ол.
 
Раушан Арманқызы

Фото: дереккөз
Загрузка...