Таразда қатты қалдықтарды кәдеге жарататын зауыт салынуы мүмкін

31 Қазан 2020, 09:03
3854
Бөлісу:
Таразда қатты қалдықтарды кәдеге жарататын зауыт салынуы мүмкін

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде жаһандық экологиялық саясат жоқ, бірақ жаһандық экологиялық проблемалар бар. Соның маңыздыларының бірі – табиғатты тиімді пайдалануға көшу. Қазіргі кезде жер бетіндегі барлық елдерде ең негізгі сұрақтың бірі – табиғи ресурстарды тиімді пайдалану. 

Бұл – Жамбыл облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Арсен Латыповтың пікірі. 

Қазіргі кезде Менделеев кестесіндегі жүзден астам элементтің барлығы да жерден шығарылады. Қазақстан әлем бойынша қазба байлықтарды өндіруден алдыңғы қатардан табылады. Табиғи ресурстардың орасан зор қоры республиканың болашағы үшін маңызды рөл атқарады. Табиғи ресурстар – ең маңызды компонент. Адамзатқа материалдық әл-ауқат беруде ауа, су, топырақ, ормандар, пайдалы қазбалар, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және тағы басқалар өлшеусіз қызмет етуі керек, - деді Арсен Хасенұлы. 

Оның пайымынша, ұзақ уақыт бойы адамзат баласы жалпы қоймадан – жерден көптеген минералды шикізаттарды шығарып келеді. Демек, тікелей жер бетінде немесе таяз тереңдікте орналасқан бай кендер мен шөгінділердің едәуір бөлігі сарқылып бітті. Қоғам алдында планетаның пайдалы қазбаларын ұқыпты да ұтымды пайдаланудың маңызды және шұғыл міндеті тұр. 

Бүгінде Жамбыл облысында кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз игеру фактілері көптеп орын алуда. Аймақ бойынша экология департаменті полиция, прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз пайдаланудың жолын кесу мақсатында рейдтер өткізуде. Жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарға әкімшілік те (ҚР Әкімшілік Кодексінің 139-бабы шеңберінде), қылмыстық жауаптылық та (ҚР Қылмыстық Кодексінің 334-бабы шеңберінде) қарастырылған. Мәселен, жыл басынан бері осы заңдық нормалар аясында 1 177 475 теңге мөлшерінде 16 әкімшілік айыппұл салынды, - деп атап өтті өңірдің бас экологы. 

Жауапты маманның сөзіне қарағанда, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану дегеніміз – өндірілген табиғи ресурстар толығымен кәдеге асады, қалпына келетін ресурстарды қалпына келтіру қамтамасыз етіледі, өндіріс қалдықтары да пайдаланылуы тиіс. Мұның салдары қоршаған ортаның ластануын сиретуі керек. Мысалы, Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» ЖШС өз қалдықтарын түйіршікті қож және фосфогипс түрінде цемент өндірісі үшін кәсіпорындарға береді, сол арқылы тақтатас, әктас, гипс тас өндірісін азайтады. Бұл сала әлі де зерттеуді, сақтауды, дамытуды және қалпына келтіруді қажет ететін көрінеді. 

Жамбыл облысы аумағында қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжаттары бар коммуналдық меншіктегі 158 полигон мен ұйымдасқан қоқыс үйінділері жұмыс істейді. Оның ішінде 61 полигонда қоршау жоқ. Бұл санның 5-уі Жуалы ауданына тиесілі болса, 7-уі – Т.Рысқұлов, 10-ы – Сарысу, 22-сі – Мойынқұм, 17-сі Шу аудандарында. Оларға быилдан қалмай қоршау орнату жоспарлануда. Тараз қаласының, Жамбыл және Байзақ аудандарының полигондарында қоршаулар бар. Қазіргі уақытта Жуалы, Мойынқұм, Шу және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдіктері полигондарды оңтайландыру жұмыстарын жүргізуде, - деді Арсен Хасенұлы. 

Оның сөзінен білгеніміздей, «ӨКМ Операторы» ЖШС қолдауымен аймақта пайдаланылған батарейкаларды, құрамында сынабы бар шамдарды жинау үшін 106 контейнер орнатылған екен. Мұның 30-ы Тараз қаласында болса, 7-уі – Байзақ ауданында, 8-і – Жамбыл мен Жуалы, 5-уі – Қордай, 10-ы – Меркі, 1-уі – Т. Рысқұлов, 12-сі – Сарысу, 15-і – Талас, 10-ы Шу аудандарында. Бұдан бөлек, қарағандылық «Промотход Қазақстан» ЖШС мен «Оператор РОП» ЖШС бірлесіп, Тараз қаласында электр және электрондық жабдықтарды жинауға арналған 5 контейнер орнатқан. Олардан жиналған қалдықтар «Промотход Қазақстан» ЖШС-на қайта өңдеуге жіберіледі. 

Өңірде 33 кәсіпорын тұрмыстық қалдықтар саласында жұмыс істейді. Оның 21-і облыс орталығының аумағында орын тепкен. Бұл бағытта 124 арнайы техника бар. 501 алаң 3 578 контейнермен жабдықталған. Қалдықтарды бөлектеп жинау үшін контейнерлердің үш түрі орнатылған. Торлы контейнерлер пластмасса және пластикалық қалдықтарды жинауға арналған. Мұндай қондырғының 659 данасы бар. 106 жабық контейнерлерге пайдаланылған шамдар, құрамында сынап бар заттар, химиялық қоректендіру көздері мен батареялар жиналады. Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлердің саны – 3 173, - деді аймақтың бас экологы. 

Жауапты маман Тараз қаласында пластмасса, полиэтилен, электрондық құрылғылар, мотор майлары, шыны және қағаз қалдықтарын жинау және кәдеге жарату бағытында 14 жеке кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті. Тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешу үшін өңірге инвесторларды тарту жұмыстар үздіксіз жүргізілу үстінде. Мәселен, қазіргі таңда тұрмыстық қатты қалдықтарды жағатын – энергетикалық кәдеге жарататын зауыт салу мәселесі қарастырылып жатыр екен. 

Осыған байланысты ағымдағы жылдың маусым айында Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы мамандары тұрмыстық қатты қалдықтардың морфологиялық құрамын анықтау бойынша зерттеулер, геологиялық сараптамалар жүргізді. Жамбыл ауданы Көлқайнар ауылдық округінде орналасқан «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС полигоны аумағынан 5 гектар жер қарастыру да ұсынылды. Зерттеу нәтижелері мен зауыт құрылысының мүмкіндігі туралы қорытынды жыл соңына дейін анықталатын болады, - деді жергілікті экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Арсен Латыпов. 

Ол, сонымен қатар, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу, жағу арқылы энергия өндіретін «Hasanat group» компаниясы мен «Байтақ болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің жобалары қарастырылып жатқанын да тілге тиек етті. 

Өзгелердің жаңалығы