Тарих мұқият зерттеуді қажет етеді – сарапшы

31 Мамыр 2020, 11:20
2195
Бөлісу:
Тарих мұқият зерттеуді қажет етеді – сарапшы
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, саяси ғылымдардың докторы, доцент Санат Көшкімбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуіне қатысты пікір білдірді.

Ең алдымен, 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтып өткеніндей, әрбіріміздің борышымыз – өткен ғасырдың ең азалы кезеңінде жапа шеккендердің рухына тағзым ету екенін ерекше атап өту керек. Үндеудегі негізгі ой осы. Сонымен қатар, президент тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Неге? Себебі, түрлі дереккөздерден алынған ақпараттар мен  жан-жақты ғылыми зерттеулер арқылы тарихи әділдік орнату маңызды, - дейді ол.

Санат Көшкімбаевтың айтуынша, тарих қаншалықты ауыр болғанымен, халықтың одан алар білімі бен тәжірибесі мол болуы керек.

1929-1933 жылдардағы ашаршылық салдарынан елімізде шамамен, 2 миллиондай адам қаза тапты. Тарихшылар  әлі күнге дейін нақты санын айта алмай келеді. Тағы миллионнан астам адам шет ел асуға мәжбүр болды. Қазақ жерінде 11 лагерь салынып,  репрессия жылдары бұл лагерьлерге 5 миллионнан астам адам жіберілген. Жалпылама айтқанда, біздің ел тұтас бір лагерьге айналды.  20-50 жылдары саяси астармен қазақ халқының қаймағы саналған зиялылары репрессияға ұшырады. Қазіргі таңда елімізде жыл сайын зұлматты жылдарды еске алуға арналған түрлі шаралар өтіп тұрады. Түрлі көрмелер мен мұражайларда естелік мемориалдары ашылуда. Осындай шаралардың, ашылып жатқан архивтер мен жария болған жаңа мағлұматтардың арқасында бірқатар адам ақталды. Алайда, Қазақстан тарихында әлі де ақтаңдақтар баршылық. Тарих қаншалықты ауыр болса да, біздің одан алар біліміміз бен тәжірибеміз болуы керек. Сондықтан, тарих мұқият зерттеуді қажет етеді, - дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы