Тәуелсіздік жастары: Әр адам өз санасының сәулеткері

20 Сәуір 2021, 15:42
2728
Бөлісу:
Тәуелсіздік жастары: Әр адам өз санасының сәулеткері
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу басталып кеткен еді. Осыған орай, Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жастардың көзқарасы мен жетістіктері туралы материалдардың легін әзірлеген едік. Бүгінгі кейіпкеріміз – Ерік Беріков.

Ерік Беріков 1993 жылдың жазында Алматы облысы Сарқан ауданы Қойлық ауылында дүниеге келген.

Ата-анам мектепте қырық жыл еңбек еткен ұстаздар, қарындасым және бауырым бар. Бастауыш сынып пен 5-6 сыныптарды ауылымыздағы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектепте бітірдім. 7-сыныптан бастап Талдықорған қаласындағы Қазақ-түрік лицейіне түсіп, мектепті қызыл аттестатпен бітірдім, - деді Беріков.

Ерік мамандықты таңдарда бірнеше тілді меңгеруге басымдық бергенін айтады.

Тәуелсіздік жастары: Әр адам өз санасының сәулеткері

Бакалавриат деңгейін екі шет тілі мамандығы бойынша Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде тәмамдадым. Одан кейін оқуымды жалғастырып, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіне тарих мамандығы бойынша магистратураға оқуға түстім, - дейді Ерік Беріков.

Ол атағандай, 2015 жылдан бастап халықаралық мектептерде Қазақстан тарихы пәнін ағылшын тілінде оқытады.

Тәуелсіздік жастары: Әр адам өз санасының сәулеткері

Алматыда Galaxy халықаралық мектебінде 2015-2017 жылдары мұғалім болдым, кейіннен Нұр-Сұлтан қаласындағы Spectrum халықаралық мектебіне ауыстым, қазіргі уақытқа дейін осы мектепте білім беремін. Халықаралық мектептерде балалардың басым бөлігі шетелдік балалар болған соң, Қазақстан тарихы пәні ағылшын тілінде оқытылады, - дейді мұғалім.

Сын мен мін

Ерік Беріков соңғы 15 жылда білім беру саласына қатысты пікірін білдірді.

Менің салам Білім және ғылым министрлігіне тікелей қатысты. 30 жылда ең көп министр ауысқан сала Білім және ғылым министрлігі болды. Көп ротация, ауысу қаншалықты пайда бергенін білмеймін, бірақ қиындықтар тудырғаны анық. Технологиялар қосылғанымен, нақты жоспарлы даму мен стратегияны әлі күнге дейін көре алмай келеміз. Бірақ соңғы екі жылдағы Білім саласындағы кең өзгерістер көңілді көншітеді. Мұғалімнің мәртебесін көтеру мен кәсіби біліктілік бірінші орынға нақты қадаммен шыққанда толықтай көңілім толар ма еді, білмеймін, - дейді Беріков.

   Талап пен кітап

Жас маман қазіргі таңда балаларға арналған кітап жазумен айналысып жатқанын айтты.

Тәуелсіздік жастары: Әр адам өз санасының сәулеткері

«Менің атым кім?» атты алғашқы персоналды жеке кітабымыздың тұсауы кесіліп, сатылымға шықты. Кітапта әрбір бала басты кейіпкер бола алатын заманауи стильдегі ертегілерді құрастыру қажет. Оның бастапқы идеясы балаларға арналған кітап еді. Жұмыс барысында идеялар толықтырылып, жетілдіріліп, осындай 0-8 жас аралығындағы әр бала басты кейіпкер бола алатын персоналды ертегілер кітабын шығардық, - деді ол.

Ерік Беріков жұмысынан бөлек саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында әуесқойлар арасындағы футбол лигасындағы командада ойнайтынын айтты.

Тәуелсіздік жастары: Әр адам өз санасының сәулеткері

Тұғыр мен Тәуелсіздік 

Сонымен Spectrum халықаралық мектебінің тарих пәні мұғалімі және Alem жобасының жетекшісі Ерік Беріков тәуелсіздік ұғымын қалай түсінетінін жеткізді.

Тәуелсіздік жастары: Әр адам өз санасының сәулеткері

Менде тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде басқа елдерге, ұлттарға жалтақтау, қорқу немесе өзгелермен салыстыру сияқты ешбір сезім қалыптаспаған. Жас әрі дамушы тұлға ретінде үмітім зор. Қазіргі буын елдің негізгі қозғаушы күші, ол үмітті ақтай алатынымызға сенемін, - дейді ол.

Ерік Беріковтың айтуынша, тәуелсіздік - қасиетті ұғым.

Тарих кезеңмен дамып, қайталанып отыратын ғылым. Қателіктерімізден сабақ алып, өткенімізді ұмытпай, құндылықтарымызды жоғалтпай, келешекті дұрыс қабылдап, замана көшіне ілессек, еш ұтылмасымыз анық. Ғылым, инновациялар мен технологиялар келесі қозғаушы күшке айналса болашағымыз баянды болмақ. Басты байлығымыз жердің астында емес, үстіндегі тіршілік иелері екенін ұғып, соған байланысты әрекет ету бізге жол сілтейтін бағдар болары анық, - дейді Беріков.

Тәуелсіз елде туған ердің айтуынша, біздің елдегі адамдардың жарқын болашақты бүгіннен бастап қалыптастыруға қауқары бар.

Таптаурын мен комплекстерден арылудың жолы салыстырып сынау мен сараптау жасау болар деп ойлаймын. Жаңалықтарды қабылдауға ашық болу өте маңызды. Шекаралар көбінесе ақыл мен ойдың тарылуына, ал ол тарылу агрессияға алып келуі ықтимал. Әр адам өз санасының сәулеткері. Сыни ойлай білу, анализ жасау және көңіл көкжиегін дамытқан адамға комплекстер мен таптаурындар түк емес, - деп түйіндеді өз сөзін Ерік Беріков.

Айта кетейік, осыған дейін құрдасы Ботагөз Нышанмен сұхбаттасқан едік.



Өзгелердің жаңалығы