Бас жаңалықтар
#Тәуелсіздік30. Бас жүлдеге 3 млн теңге тігілген жыр бәйгесі жарияланды
05 Наурыз 2021, 18:00 391

#Тәуелсіздік30. Бас жүлдеге 3 млн теңге тігілген жыр бәйгесі жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімінің қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жасай бер, Тәуелсіздігім, Жырлаймыз сені біз бүгін! Еңсесі биік Елордам, Ұстаған бақыт тізгінін» - атты Республикалық аламан жыр бәйгесі жарияланды.

Түп тамырын көне түркіден тартқан «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы – ерте заманнан іргелі ел. Сол қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап отырудың кілті – еркіндікті сүйе білген Азаттық аңсаған асқақ рухында. Ұлы даланың төсін мекендеп, сайып қырандай самғаған сақтар мен ғұндардың сарқыты мына біз, бүгінгі – Тәуелсіз Қазақстан.

Ел басынан талай заман аунады, жерімізді басқыншылар жаулады, жүрегімізден қан, көзімізден жас саулады. Бақ қашып, ырысымыз рәсуа болды. Ел тағдыры тартысқа түскен тар кезеңдерде бостандық үшін арпалысқан арыстарымыз аз болмады. Арыға бармай-ақ, Керей мен Жәнібек, Абылайхан, Кенесары, одан бергі Алаш арыстары мен Желтоқсан оқиғасын айтсақ та жеткілікті – дейді ұйымдастырушылар.

Қылышынан қан тамған кеңестік сұрқия саясат жадымыздан өткенімізді өшіріп, тарихи тұлғаларымызды тануға мұрсат бермеді. Ұлы хандарымызды естен шығрдық. Ел қорғаған батырларымыз бен ұлт үшін отқа күйген ақындарымызды асқақтата алмадық. Алтын Орда да, Қазақ хандығы да тарих бетінен жойылып кете жаздады. Аузымызда қақпақ, төбемізде тоқпақ болды.

Ақыры арман адастырмады, үміт өрге жетеледі. Ғасыр тоғысына таяп, жаңа мыңжылдыққа қарай қадам басқанда бабалар арманы орындалып, бостандықтың Көк байрағы желбіреді. Арқа төсінде асқақтаған Ақорда, ел астанасы – Елорда алтын шаңырағын көтерді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біздің заманымыз – өткен дәуірдің перзенті, келер заманның атасы» деп айтқан әйгілі сөзі айнымай келді.  Тарихымызды түгендеу, түп тамырымызды тану Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асты.

Биыл Қазақ елінің еркіндік алып, өз тәуелсіздігін жариялағанына отыз жыл! Отыз жыл мемлекет үшін көп уақыт емес. Жас Мемлекетіміз шамалы жылдар ішінде Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасында сыртқы саясатта сара жол салып, әлемдік беделге ие болды. Алыс-жақын өркениетті елдермен терезе теңестірді. Түркі әлемінің тарихи төркіні, рухани төрі екенін дәлелдеді. Шекарамыз шегенделіп, ел болып етек жаптық, еңсе тіктедік. Ядролық қарудан өз еркімізбен бас тартып, бейбітшіліктің байрағын көтердік. Спортта да еңсе тіктеп, әлем астаналарында Көк туымыз сан мәрте желбіреді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деп өткенге тағзым етіп, бүгінгі бірлікті бекемдей түсті. Сондай-ақ, «Жер ешқашан, ешкімге сатылмайды!» деп қадап айтты. Халық көкейіндегі күдікті сейілтті, билікке деген сенім ұялатты.

Алаш арманы, Тәуелсіздік шежіресі, халықымыздың тағдыры мен тарихы, бүгіні мен болашағы, отыз жыл ішіндегі асқан асуларымыз бен кешкен қиындықтарымыз мүшәйраға қатысқан туындылардың алтын өзегі болуға тиіс. Сондықтан ақындардан оқырмандар көңіліне жарқын ойлар салатын, ұрпақтарға үлгі-өнеге беретін айтары мол, асқақ рухты жырлар күтеміз - дейді ұйымдастырушылар.

Бас жүлде – 3 000 000 теңге

Бірінші орын – 1 150 000 теңге

Екі екінші орын – 650 000 теңгеден

Үш үшінші орын – 550 000 теңгеден

Мүшәйраға 40 жасқа дейінгі ақындар ғана қатыса алады. Еш жерде жарық көрмеген топтама өлеңдер, толғаулар үстіміздегі жылдың маусым айының 1-не дейін қабылданады.

Мүшәйра қорытындысы Нұр-Сұлтан қаласы күні қарсаңында жарияланады. Үміткер шығармалар мына электронды поштаға astanakalamger@mail.ru жіберілуі тиіс. Немесе компьютерге терілген, автордың мүмкіндігі болмаған жағдайда қолжазба күйінде де қабылдай береміз. Автордың аты-жөні, мекен-жайы, байланыс телефоны, электронды поштасы (бар болса) міндетті түрде көрсетілсін – делінген хабарламада.

Ескерту:

Жүлдегерлердің келіп-кету шығынын ұйымдастырушы тарап мойнына алмайды!

Мекен-жайы:

Индекс: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы,

М.Әуезов көшесі 20/А үй,

Тел. +7 (7172) 32-84-67, +7 700 330 09 04


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...