Бас жаңалықтар
Тек Қостанай жылқысы қатысқан аламан өтуі мүмкін
PHOTO
19 Сәуiр 2021, 20:17 521

Тек Қостанай жылқысы қатысқан аламан өтуі мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен Қостанай жылқы тұқымын дамыту бойынша жиналыс өтті. 

Осы жиналыс барысында жылқытанушы ғалымдар мен Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тек Қостанай жылқысы қатысқан аламан өткізу туралы бастама көтерді.

Бұл Қостанай жылқысының тұқымдық жетілуіне, дамуына, айрықша серпін берер еді. Әр тұқымның үздігін анықтау үшін тек сол тұқым арасында бәйге өткізуге болады, – деді Зауыт жылқылар тұқымдары бойынша республикалық палатасының төрағасы Талғат Жайсаңбаев.

Талғат Жайсаңбаевтың ұсынысын жиынға қатысушылар қолдады.

Биыл еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осыған орай тек Қостанай жылқысы ғана қатысатын аламан ұйымдастыруды ойластырайық. Егер қатысатын аттар бар болса, бұл жақсы бастама болар еді. Тіпті елордада өткізуге де болар еді – деді Бекболат Тілеухан.


Осы орайда қанша қашықтыққа шабуға болады деген сұрақ талқыланды. Бұл сауалға ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының бас хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов жауап берді.

Біздің елде өтетін бәйгелердің қашықтығы анықталған. Бәйге федерациясының келісімімен жорға жарысы – 7 шақырым, тай бәйге – 7-9 шақырым, құнан бәйге 13-16 шақырым, топ бәйге 16-23 шақырым, аламан бәйге 25 шақырымнан жоғары. Ал Қостанай жылқысының ерекшелігін таныту үшін мақсатында 30 шақырымға жіберуге болады – деді ол.


Әзірге бұл ұсыныс, алдағы уақытта нақты шешім шығарылып, халыққа, атбегілерге, Қостанай жылқысын малданушыларға арнайы ескертулер жарияланатын болады.



Фото: автордан
Загрузка...