Өтемақы талап еткен индерлік дәрігерлер мәселесі қалай шешілуде

24 Қыркүйек 2020, 20:00
1227
Бөлісу:
Өтемақы талап еткен индерлік дәрігерлер мәселесі қалай шешілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавируспен күрес кезінде қатерлі дерт жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу мәселесі заң шеңберінде шешілуде, деп хабарлайды Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Бүгінгі күні коронавирус инфекциясынан көз жұмғандар және вирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу бойынша арнайы комиссияның бесінші отырысы болып өтті. Комиссия 232 медициналық қызметкердің құжаттарын қарады. Құжаттар бойынша шешім кезең-кезеңімен қабылданады. Ал Индер ауданы бойынша медицина қызметкерлерінің жазып жатқан арыз-шағымдарына байланысты өтемақы төлеу жайының бір күнде қаралып бітетін мәселе емес екендігін атап өткім келеді. Комиссия мүшелері керекті медициналық карталар, еңбекке жарамсыздық жөніндегі құжат және диагнозды басшылыққа ала отырып, шешім қабылдайды. Бастысы, медицина қызметкерлері жетіспей жатқан құжаттарды уақытылы тапсыруы керек. Осыған сәйкес, мәселе заң шеңберінде шешіледі, – деді Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.
Еске сала кетелік, бүгінгі күні пандемиямен күрес кезінде коронавирус жұқтырған атыраулық медицина қызметкерлерінің ішінде 88 адамға әрқайсысына 2 миллион теңгеден өтемақы төленді және пандемия салдарынан көз жұмған үш медициналық қызметкердің отбасының әрқайсысына 10​ миллион теңгеден өтемақы берілді.

Ал коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлерінің жалақысына үстемеақы ай сайын төленуде.

Сондай ақ Атырау облысында коронавирус инфекциясынан көз жұмғандар және вирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу бойынша арнайы комиссияның жұмысы жалғасуда.
Өзгелердің жаңалығы