Бас жаңалықтар
Тоқаев: Волонтерлардың басты қызметі – жұмылып жұмыс істеу
12 Ақпан 2020, 11:47 201

Тоқаев: Волонтерлардың басты қызметі – жұмылып жұмыс істеу

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазірдің өзінде Жер бетінде 1 млрд адам волонтерлікпен айналысады. 1 млрд адам! Бізде 16 мың, бұл – аз, 100 мыңға жеткізуге болады. Олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі зор. ЖІӨ-нің 2,5%-ы еріктілер еңбегінің нәтижесі.

TEMA7324.JPG

Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерларға арналған фронт-офистің ашылу салтанатында айтты.

Бүгін барлығымыз ерекше тарихи оқиғаға байланысты елордада жиналып отырмыз. Бұл үлкен іс-шара. Еліміздің тарихында мұндай іс-шаралар бұрын-соңды болған жоқ. Сондықтан баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Биыл "Волонтер жылында" көптеген ауқымды жоба қолға алынады. Осы арнайы кеңседе көптеген маңызды бастамалар жүзеге асады деп сенемін. Мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылады. Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – көне заманнан келе жатқан халқымыздың дәстүрі. Сондықтан бұл дәстүрді міндетті түрде сақтап қалуымыз керек. Халқымызды осындай бірлікке шақыратын "асар" дәстүрі бар. Бұл құндылығын жоймаған ата салтымыз. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл", - дейді біздің халқымыз. Волонтерлардың да басты қызметі жұмылып, қызмет ету. Кезінде Қазақстанға көптеген ұлт өкілі жер аударды. Сол қиын-қыстау уақытта халқымыз бауырына басып, бір үзім нанымен бөлісті. Шынайы жанашырлық көрсету қазақ халқына тән қасиет. Мен нағыз волонтер болудың озық үлгісі деп осыны айтар едім. Бүгінде дүниежүзінде бұл үрдіс кең таралып, әлемдік қозғалысқа айналды. Қазірдің өзінде Жер бетінде 1 млрд адам волонтерлікпен айналысады. 1 млрд адам! Бізде 16 мың, бұл аз, 100 мыңға жеткізуге болады. Олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі зор. ЖІӨ-нің 2,5%-ы еріктілер еңбегінің нәтижесі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

TEMA7327-01.jpeg
ҚР президенті волонтерліктің маңызы мен мәні туралы айтып, жақсылық жасау – қазақ халқының болмысына тән екенін атап өтті.
Көптеген елде ерікті болу – қалыпты жағдай, үлкен құрмет саналады. Жұртшылық оны сыйлайды. Мысалы, Францияның жартысы волонтер атанған. Жапония мен Германияда еріктілер саны жыл сайын артып келеді. Біз де осындай деңгейге ұмтылуымыз керек. Азаматтарымыз өзгеге көмек көрсетуден аянып қалмауы керек. Сол арқылы қоғамда әлеуметтік жауапкершілікті арттырамыз. Волонтерлік патриотизмнің бір көрінісі – еріктілер ең алдымен елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлік дегеніміз – бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, әрекет ету. Еріктілік деген халқымыздың шынайы болмысы – салт-дәстүрі. Сондықтан біз де бұл дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Бұл бастама ұлтты қиыстырып, мемлекетті нығайту үшін қажет.  Ұлы Абайдың "қарекет қыл, пайдасы көпке тисін" деген сөзі осындай игі істерге үндейді. Сондықтан біз волонтерлікті кеңінен дәріптеуіміз керек. Береке бірлігімізді арттыратын шараларға бір ел – тұтас ұлт болып атсалысуымыз қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Естеріңізде болса, бұған дейін мемлекет басшысы "Волонтер жылына" орай Нұр-Сұлтан қаласындағы фронт-офисті ашатыны туралы хабарлаған болатынбыз. Сонымен қатар, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Жаңа бастама" жобасына қанша қаржы бөлінетінін және мұндай офистер еліміздің 17 өңірінде ашылатынын айтты.

Фото: Артём Чурсинов
Загрузка...