Триатлоннан ел чемпионаты аяқталды

13 Сәуір 2021, 22:22
1297
Бөлісу:
Триатлоннан ел чемпионаты аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте Қазақстан триатлон федерациясының бастамасымен триатлоннан Қазақстан чемпионаты өтті.

Сайыста Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы, Ақмола және Қостанай облысынан келген Elite санатындағы (кәсіби) 17 спортшы бақ сынады. Сайыскерлер 300 метр жүзу, 8 километр велосайыс және 2 километр жүгіруден тұратын супер-спринт қашықтықта кім мықтыны анықтады.

Пандемия басталған кезден бері алғаш рет ұйымдастырылған бəсекеде санитария талаптары мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін спортышлар доданы өзара 2 минут үзіліспен бастады.

Әйелдер арасындағы сайыста алматылық Юлия Озерова жүзу сайысынан кейін көш бастағанымен, веложарыс пен жүгіруде Қостанай облысынан келген Арина Шульгина алға шығып, жеңімпаз атанды. Оның нəтижесі - 26 минут, 42 секунд. Екінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген Екатерина Шабалина иеленді (27 мин. 24 сек). Үздік үштікті 28 минут 48 секунд көрсеткішімен Юлия Озерова түйіндеді.

Ал ерлер бəсекесінде жүзуден соң топ бастаған Ақмола облысының тумасы Аян Бейсенбаев жалпы есепте де үздік шықты. Жеңімпаздың уақыты – 23 минут 53 секунд. Екінші және үшінші орын үшін тартысты сайыс болды. Жүгіру кезеңі басталмастан бұрын екінші орыннан Темірлан Теміров (Ақмола облысы) үмітті еді. Бірақ чемпионаттағы үздік жүігіру нәтижесі (6 мин. 20 сек.) Дарын Қонысбаевқа күміс жүлде әкелді. Қола Мейрлан Ысқақовқа (24 мин. 12 сек.) бұйырды.

Айта кетейік, бұл отандық кәсіпқой спортшылар үшін пандемиядан кейінгі алғашқы бəсеке. Енді ұлттық құрама 23-25 сәуір аралығында Жапонияның Хатцукаичи қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысады.

Өзгелердің жаңалығы