Цой КВИ-ге қарсы қазақстандық вакцинаны неге салдырмағанын айтты

1 Қазан 2020, 18:50
2050
Бөлісу:
Цой КВИ-ге қарсы қазақстандық вакцинаны неге салдырмағанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны неге алмағанын түсіндіріп берді.

Біздің қазақстандық вакцинаға деген үмітіміз зор. Клиникаға дейінгі зерттеулер сәтті жүргізілді. Жақсы нәтиже де бар. Клиникалық зерттеулердің бірінші және екінші фазалары іске қосылды. Қазір еріктілерді алдық. Вакцинациялауды жүргізіп жатырмыз. Біз бірінші, екінші фазалардың қорытындысын қараша-желтоқсанда алуымыз мүмкін. Осылайша, вакцинаның қаншалықты тиімді және қауіпсіз екенін білеміз, - деді министр.

Сонымен қатар, министр елімізде вакцина шығаратын зауыттың құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Оның қуаты Қазақстанды вакцинамен қамтамасыз ете алады. Егер вакцина сәтті әзірленген жағдайда, ол Қазақстанда шығарылады. Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина қымбат болмайды. Оның құны шамамен, 2-3 доллар (858-1288 теңге), - деді ол. 

Сондай-ақ, Алексей Цой қазақстандық вакцинаны салдырмағанын атап өтті.

Біз клиникалық зерттеудің нәтижесін күтіп отырмыз. Ол шыққан кезде кеңес береміз немесе өзіміз екпе аламыз. Мен коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны салдырған жоқпын. Біз оның тиімділігін, адамдарға қалай әсер ететінін әлі нақты білмейміз. Қазіргі таңда әріптестеріміз еріктілердің жағдайы жақсы екенін айтады. Біз олар үшін қуаныштымыз, - деді министр.
Өзгелердің жаңалығы