Тұмауға қарсы екпеге немқұрайлы қарайтындар бар – дәрігер

24 Қыркүйек 2020, 10:33
6303
Бөлісу:
Тұмауға қарсы екпеге немқұрайлы қарайтындар бар – дәрігер
EX PHOTO
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 14 қыркүйекте республикалық вакцинация науқаны басталғаны белгілі. Науқанның алғашқы күнінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өзі бастап екпе салдырған еді.

Тұмауға қарсы екпеге немқұрайлы қарайтындар бар – дәрігер

Министрлік берген ақпарат бойынша, елімізде жылда күз келгенде жедел респираторлық-вирустық инфекция (ЖРВИ) мен тұмау өршиді. 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ-мен ауырған 431 120 адам тіркелген, оның ішінде 2 жарым мыңнан астам науқас зертханада анықталған тұмауға шалдыққан. Оның 284 033-і немесе 61,4 пайызы 14 жасқа толмаған балалар.

Осыған орай біз Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№6 қалалық емханасы» ШЖҚ МКК жалпы дәрігерлік тәжірибе бөлімінің меңгерушісі Байбалаев Азамат Берлібайұлына бірер сауал қойған едік.

 Тұмауға қарсы екпеге немқұрайлы қарайтындар бар – дәрігер

Тілші: Азамат Берлібайұлы, биыл елордалықтарды тұмауға қарсы вакцинациялау үшін 110 мың доза вакцина сатып алынды. Жалпы, осы вакцина туралы толық айтып берсеңіз, қай елдің өнімі, тиімділігі қандай?

Азамат Берлібайұлы: «Гриппол+» - тұмауға қарсы вакцина. Сегіз жылдан бері осы ресейлік вакцинаны қолданып келеміз. Биыл Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Нұр-Сұлтан қаласындағы біздің №6 қалалық емханаға тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасының 7 200 дозасын бөлген. Емханада 3 500 бала, 3 700 ересек, оның ішінде 468 жүкті әйелді, диспансерлік есепте тұрған 2 582 адам мен 65 жастан асқан 519 азаматты және 350 медицина қызметкерін вакцинациялау жоспарлануда. Вакцина өте қауіпсіз, тиімді, жағымсыз әсері аз білінеді. Біздің емхана бойынша осы уақыт аралығында жағымсыз әсері білінген жағдай тіркелмеді. Тұмауға қарсы екпе салдырған кезде 37-37,5 температура көтеріледі, аздап жөтел сезілуі мүмкін. Оның өзі сирек кездеседі. Вакцина салдырғаннан кейін тұмаудың жеңіл түрімен ауыруы да мүмкін. Себебі, ағзаға инфекциялық агент кіргеннен кейін сол ауруға қарсы антидене пайда болады. Аурудың қоздырғышы ағзаға түскен кезде, егер ол адам екпе салдырған болса, антидене инфекцияға төтеп бере алады.

Тұмауға қарсы екпеге немқұрайлы қарайтындар бар – дәрігер

Тілші: Вакцина кімдерге тегін салынады?

Азамат Белібайұлы: Вакцинация қауіп-қатер тобына кіретін адамдар үшін тегін, яғни мектеп жасына толмаған және мектеп жасындағы балалар, медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер (жүктіліктің 2-3-триместрі), жабық мекемелердегі адамдар (балалар үйі, мектеп-интернаттар), созылмалы ауруы бар ересектер мен балалар, 60 жастан асқан қарттар, І, ІІ, ІІІ топ мүгедектері вакцинаны тегін алады. Неге бұлай категорияға бөлінген, себебі – осы топтағы адамдар тұмау жұқтыра қалса, оларда асқыну жағдайлары болуы мүмкін. Бұл сонымен қатар, аталмыш топтағы адамдарды коронавирус инфекциясынан қорғауға сеп болмақ.

Тілші: Вакцина алу үшін дайындық керек пе?

Азамат Берлібайұлы: Оған ешқандай дайындықтың қажеті жоқ. Емханаға келгеннен соң, дәрігер қабылдап, тексеру жүргізеді. Пациенттің қандай да бір шағымдары болса, оны да мұқият қарайды. Егер пациенттің аллергиясы болса, оған екпе салдыруға болмайды. Себебі, вакцинада «тауық ақуызы» деген компонент бар. Екпе салынғаннан кейін пациент 30 минут егу кабинетінде бақыланады. Егер ешбір қарсы белгі байқалмаса, пациент үйге жіберіледі. Одан кейін тағы 3 күн учаскелік мейірбикенің бақылауында болады. Жалпы, мұндай бақылау процесі тұмауға қарсы вакцина кезінде ғана емес, кез келген екпе салынғаннан кейін міндетті түрде жүргізіледі. Себебі, осы үш күн ішінде ағза вакцинаға реакция білдіреді. Жоғарыда айтып кеткенімдей, кейбір адамның қызуы көтеріліп, енді бірінің тамағы ауыруы мүмкін. Бұл -  ағзаның вирусқа қарсы иммунитеті қалыптасып жатыр деген сөз.

Тұмауға қарсы екпеге немқұрайлы қарайтындар бар – дәрігер

Тілші: Кері әсері болатын кездер бар ма?

Азамат Берлібайұлы: Жалпы, біз тұмауға қарсы вакцинация жұмыстарын 2020 жылдың 7 қыркүйегінен бастадық. Осы аралықта пациенттер арасында вакцинаға қарсы белгілер анықталған жағдай болған жоқ. Қыркүйек айының соңына дейін жоғарыда айтылған тегін екпе алуы керек топтарды толық қамтып үлгереміз деген мақсат қойып отырмыз. 

Тұмауға қарсы екпеге немқұрайлы қарайтындар бар – дәрігер

Тілші: Тұмаумен немесе өзге де дертпен ауырып жүрген кезде екпе салдыруға бола ма?

Азамат Берлібайұлы: Қандай да бір созылмалы ауруы бар және ол асқынып тұрса, ондай науқастарға екпе алуға болмайды. Тек ауру ремиссия бергеннен кейін, яғни, дерттің асқынуы басылғаннан кейін ғана вакцина алуға рұқсат етіледі. Қызуы көтеріліп, жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) немесе өзге бір вирустық инфекциямен ауырып тұрған кезде де екпе салдыруға тыйым бар. Олар тек вирустық инфекциядан жазылып шыққаннан кейін екі апта өткен соң барып, екпе салдыра алады.

Тілші: Бір күнде бірнеше екпе салдыруға бола ма? Тұмауға қарсы екпеден бөлек, басқа да ауруларға қарсы екпені дәл сол күні алса?

Азамат Берлібайұлы: Мысалы, тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасын алған болсаңыз, екінші вакцинаны бір ай өткеннен кейін ғана қабылдау керек. Негізі вакцина алу интервалы – 28 күн. Бұл көбіне балаларға қатысты.  

Тұмауға қарсы екпеге немқұрайлы қарайтындар бар – дәрігер

Тілші: Ата-ана баласына екпе салдыруға міндетті ме?

Азамат Берлібайұлы: Жалпы, екпенің негізгі міндеті – адамды инфекциялық аурулардан қорғау, профилактика жасау, эпидемияның алдын алу. Екпе – балаларды қызылша, сіреспе, дифтерия, қызамық, көкжөтел сияқты жұқпалы аурулардан қорғау үшін салынады. Егер екпе салынбаған бала осы айтылған аурулардың бірімен ауырып қалар болса, ол ауыр жүруі мүмкін. Әрине, екпе алған бала ауырмайды деп 100 пайыз айту қиын. Дегенмен, олар ауырған күннің өзінде вирустық инфекцияны жеңіл қабылдайды. Ата-ана екпенің маңыздылығы мен негізгі функциясын дұрыс түсінбегендіктен, екпе салдырудан бас тартатын жағдайлар кездеседі.

Тұмауға қарсы екпеге немқұрайлы қарайтындар бар – дәрігер

Тілші: Осы жөнінде тарқатып айтсаңыз, кейбір ата-ананың екпеден бас тартуына не себеп?

Азамат Берлібайұлы: Бізде екпеден бас тартқандар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. ҚР Денсаулық кодексінің 85-бабында профилактикалық екпелер міндеттелген және өз еркімен болып екіге бөлінеді. Осы міндеттелген вакцинаны салдыру - міндетті. Инфекциялық аурулардың алдын алуға бағытталған міндетті вакциналар қатарына күнтізбеге сай екпелер, яғни, сәби дүниеге келген бетте (алғашқы үш күнде) салынатын туберкулез бен В гепатитіне қарсы екпе, сосын көкжөтел, дифтерия, сіреспе, пневмония, қызамық, қызылша, полиомиелит және т.б. инфекцияларға қарсы екі-үш айлығында, бір жасында, мектепке барарда салынатын екпелер бар. Мұның бәрі күнтізбелік екпелер, яғни, міндетті вакцина болып саналады. 

Тұмауға қарсы екпеге немқұрайлы қарайтындар бар – дәрігер

ҚР Денсаулық кодексінің 78-бабы, 3-тармағында «кез келген бала профилактикалық-медициналық тексеруден өтуге, ем алуға, вакцинация алуға құқылы» делінген. Кез келген екпеге жіберерден бұрын науқас мұқият тексеруден өтеді, егер пациенттің денсаулығындағы кінәрат екпеге қарсы келер болса, оның екпе алуына болмайтынын міндетті түрде айтады. Көбіне, ата-аналар екпе салдырмас үшін балаларының түрлі сырқатын сылтауратады. «Баламның мынадай дерті бар, бізге екпе алуға болмайды» деп өздігінен шешім шығарып алатын ата-аналар болады. Біз мұндайда дәрігердің қабылдауына шақырамыз, дәрігерлік комиссия құрамыз және екпе жайында барынша мол ақпарат беруге тырысамыз. Екпеге қарсы болатындардың арасында түрлі көзқарастағы діни бағыттағы ата-аналар да кездеседі, оларды мәжбүрлей алмаймыз.

Тұмауға қарсы екпеге немқұрайлы қарайтындар бар – дәрігер

Тұмауға қарсы екпеге немқұрайлы қарайтындар бар – дәрігер

Тілші: Халықтың тұмау вакцинасына деген көзқарасы қалай?

Азамат Берлібайұлы: Коронавирустың кезінде медицина қызметкерлерінің маңыздылығы ерекше сезілді. Осындай маусымдық инфекция барысында медицина қызметкерлері халықты екпе салдыруға телефон шалып та, үйіне барып та шақырады. Тіпті, түрлі жарнамалық парақтар арқылы да тұмау вакцинасының маңызын түсіндіруге тырысады. Алайда, соның өзінде бұл вакцинаға немқұрайлы қарайтындар бар. Екпе – талай індеттің алдын алуға сеп болатын бірден-бір құрал. Вакцина – ол спецификалық профилактика. Ол тегіннен тегін жасалып отырған жоқ. Сол себепті, екпеге халық салмақты қараса деген ниет бар.

Тілші: Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы