Қарағандыда тұрғын үй кезегінде негізсіз тұрған 1 мың адам шығарылды

25 Ақпан 2020, 17:36
1666
Бөлісу:
Қарағандыда тұрғын үй кезегінде негізсіз тұрған 1 мың адам шығарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының прокуратурасы тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй құрылысы саласына тексеріс өткізді, деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі. 

Қадағалау ведомствосы жергілікті атқарушы органдардың "Нұрлы жер" бағдарламасын және 2019-2020 жж. Жезқазған, Сәтбаев ққ. мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша Кешенді жоспарды жүзеге асыру барысында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарына тексеріс өткізді.

Нәтижесінде пәтерлерді қылмыстық жолмен алу, жалға берілетін және несиелік пәтерлерді заңсыз бөлу, бюджет қаражаттарын бақылаусыз жұмсау, 1200 адамды тұрғын үйге мұқтаждардың кезегіне негізсіз қою, 110 пәтерді жалға келісімшарт бекітусіз беру фактілері анықталды.  

Қабылданған шаралармен бюджетке 18 млн теңгеден астам сома, 4 пәтер коммуналдық меншікке қайтарылды, пәтерлерді жалға беру туралы 94 келісімшарт бекітілді. 5 жетім бала пәтер алды, кезекте негізсіз тұрған 1000 тұлға шығарылып, пәтерге нақты мұқтаж адамдардың үй алу мүмкіндіктері арттырылды, - делінген ведомство хабарламасында.

Қазір жоғарыда аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер ҚК 189 және 190-баптары бойынша жүргізіліп жатыр.

Прокурорлардың актілері бойынша 28 лауазымды тұлға, оның ішінде 12 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, облыс прокуратурасының бастамасы бойынша әкімдік тұрғын үйлерді бөлу және мемлекеттік бағдарламалар аясындағы келісімдердің орындалуын бақылайтын уәкілетті органды айқындады.  

Тұрғын үй кезегіне қою туралы өтініштерді қабылдау барысын электрондық порталдардың көмегімен цифрландыру сұрағы қаралуда.

Өзгелердің жаңалығы