Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық: Құжаттарды тіркеу 3 күннен 1 күнге қысқарады

25 Ақпан 2021, 12:51
2178
Бөлісу:
Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық: Құжаттарды тіркеу 3 күннен 1 күнге қысқарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де өтіп жатқан онлайн брифингте «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық құрылатынын айтты.

26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар беруді тапсырған болатын.

«Отбасы банк» базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық құрылатын болады, ол тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алуды және кезекке қоюды бір орталықтан жүзеге асыратын болады. Заңнамалық өзгерістер қабылданғаннан кейін, бұл орталық жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорымен біріктірілетін болады, - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, Әнуар Омарқожаев блокчейн және смарт бридж технологияларын қолдана отырып, барлық бизнес-процестерді автоматтандыруды жоспарлап отырғандарын айтты.
Бұл - азаматтарды есепке алу мен тұрғын үйді бөлуде адами факторға жол бермей, ашықтықты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, құжаттарға қол қою және тіркеу уақыты 3 есеге, яғни 3 күннен 1 күнге қысқарады, - деді басқарма төрағасының орынбасары брифингте.
Тұрғын үй құрылысы көлемін арттыру мақсатында холдингтің қандай шараларды қарастырып жатқандары туралы да сөз болды.
Қазір тұрғын үй құрылысындағы басты проблемалардың бірі – құрылыс компанияларын қорландырудың «қымбаттығы». Сондықтан бос кепілдің жоқтығынан банктерден коммерциялық кредит ала алмайтын құрылыс салушылар үшін жобалық қаржыландыру тетігі пысықталуда, - деп айтты Омарқожаев.

Бірыңғай оператор осы мақсатта нарықтан 100 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр, бұл - белгіленген бағалар бойынша қосымша 9 мың пәтер салуға мүмкіндік береді.


Өзгелердің жаңалығы