Бас жаңалықтар
Түрікменстаннан келген қызанақтан вирус анықталды
13 Қаңтар 2021, 18:46 190

Түрікменстаннан келген қызанақтан вирус анықталды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Түрікменстаннан Алматыға жеткізілген қызанақтан қатпарлы вирус анықталды, енді 18 тонна қызанақ толықтай жойылмақ.

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекциясы мәлімдеді.

Осы жылдың 11 қаңтарында Түрікменстан Республикасынан жеке кәсіпкер автокөлікпен 18 тонна қызанақ өнімін Алматы қаласына алып келген. 12 қаңтарда фитосанитарлық карантиндік бақылау қорытындысы бойынша бұл өнімнен өте қауіпті карантиндік обьект – қызанақ жемісінің қатпарлы вирусы анықталған.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 3 маусымдағы №15-4/513 бұйрығы бойынша қызанақ карантинді обьектілермен залалданған, зарарсыздандыруға немесе қайта өңдеуге келмейтін карантинге жатқызылған өнім түріне жатады. 

Еуразиялық экономикалық одақтың фитосанитарлық ережесіне сәйкес инспекция бұл өнімді құрылған комиссия мүшелерінің қатысуымен 14  қаңтар күні толықтай жою жұмысын ұйымдастырмақ.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Қаныш Әлиев бұл өнімді жою жөніндегі комиссия құрамына әкімдік, экология, кеден қызметкерлері кіретінін айтады.

Бұл томаттың вирусы, яғни ауруы. Оған қызанақ, бұрыш түрлері кіреді. Егер бұл ауру қалаға еніп кетсе ол шаруалар үшін үлкен шығын әкеледі. Бұл қызанақтарға жұғып, оны қапқара етіп күйдіріп жібереді. Оның арты үлкен экономикалық шығынға әкеледі. Ал, адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ, - дейді ол.

Сонымен қатар, ол қызанақты жеткізген кәсіпкердің шығыны еліміздің тарапынан өтелмейтінін жеткізді.

Бұл өнімді алып келген кәсіпкердің қолына комиссия шығарған анықтамасын, актісін береміз. Ол соны сатқан адамға көрсетіп халықаралық сотқа жүгіне алады. Оның үстіне сатқан адамдар өнім таза деген сертификат берген, ол сай болмай шықты. Біз вирустың анықталғаны туралы зертханалық зерттеу нәтижесін, қызанақты жойған кезде түсірген суреттерін бәрін кәсіпкерге береміз. Сол бойынша таза өнім бермеген адамнан шығынын өтей алады,-дейді Қ. Әлиев.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...