Бас жаңалықтар
Түркістан облысында жоғалған 10 жасар қыз отбасымен қайта қауышты
24 Қараша 2020, 15:09 201

Түркістан облысында жоғалған 10 жасар қыз отбасымен қайта қауышты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арыс АПБ-не жергілікті тұрғын өзінің жасөспірім қызының жоғалып кеткендігі туралы арызданды, деп хабарлады ТО ПД-нің баспасөз қызметі.

Әкесінің айтуынша күндізгі сағат 16:50-лер шамасында қызы үйінен ойнауға шығып кеткен. 2-3 сағаттан кейін келмеген соң әкесі уайымдап іздеуге кіріскен. Алайда өз бетінше іздеуден еш нәтиже болмаған соң, әкесі 102 нөмірі арқылы полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Осы жайтты тәртіп сақшылары полиция бөлімінде тіркеп және жоғалған қызды іздеуге бірден кірісті.

Арыс АПБ-нің барлық жеке құрамы яғни, жеке уәкілдер, учаскелік инспекторлар, ювеналды және патрульдік полиция инспекторлары 10 жасар қызды іздестіруге жұмылдырылды. Ата-анасынан туыстарының ұялы телефондарының нөмірлерін алып, барлық ағайын-танысымен байланыс орнатқан. Соның нәтижесінде жоғалған қызды 8 шақырымдай жерде орналасқан өзінің атасының үйінен тауып, отбасына аман-есен табыстады.

Тәртіп сақшыларының нәтижелі еңбектеріне көңілі толған жасөспірімнің әкесі полицейлерге өз алғысын жеткізді. 

Қызым ойнауға шығып, үйге қайта келмеген соң,1-2 сағат көлемінде өз күшімізбен іздедік. Алайда таба алмадық. Содан соң 102 нөмірі арқылы полиция қызметкерлеріне хабар бердік. Тәртіп сақшыларының шұғыл іздестірулерінің арқасында қызымды тауып берді. Қазір өзіміздің қасымызда. Арыс АПБ-нің қызметкерлерінің шұғыл іздестіру жұмыстарының нәтижесіне өз алғысымызды айтамыз, - деп шынайы ризашылығын жеткізді қыздың әкесі.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға қырағы болуды және балаларын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Балаларыңыз немесе жақындарыңыз адасып, жоғалған жағдайда тез арада 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз. 


Фото: дереккөз
Загрузка...