Бас жаңалықтар
Түркістанда ат әбзелдерінің көрмесі өтті
23 Сәуiр 2021, 19:40 221

Түркістанда ат әбзелдерінің көрмесі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Қазандық бөлмесінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты ауыспалы көрме ашылды. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастырған көрменің мақсаты - Ұлы даланың ерекшеліктері мен атқа міну мәдениетін насихаттау, ұлттық болмысымызды дәріптеу, тариxи сананы жаңғыртуға шақыру.


Көрме экспозициясына атқа міну мәдениетіне байланысты ең құнды мұраның бірі - археологиялық қазбадан табылған VІ-VII ғасырларға тән үзеңгі қойылды.

Бұл жәдігер 1979 жылы Күлтөбеде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде VI-VII ғасырларда көмілген аттың қаңқасымен бірге табылған. Жылқы ауыздық мен үзеңгі сынды әбзелдерімен қойылған. Дәл осындай жәдігерлер Ташкент, Самарқан, Алтай өңірлеріндегі бес жерден шыққан. Бұл түркілердің жауға да, жолға да сенімді серігін қадір тұтқан қасиетін білдіреді. Табылған үзеңгі тат басқанымен өз қалпын сақтап қалған. Бүгінгі көрмеден тамашалап отырғандарыңыз да сол жәдігер болып табылады, - дейді тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Тұяқбаев.


Сондай-ақ көрмеге қорық-музей қорында сақталған XIX ғасырға жататын таға мен қаусар және X ғасырдағы ат әбзелдері сынды 30-дан аса жәдігерлермен қатар, байырғы металлургия, аң стилі, алтын адам, түркіліктің түп-төркіні, Ұлы Жібек жолы торабы, қыр гүлі - қызғалдақ, алма жайлы суреттер де қойылып, тарихы таныстырылды.


«Ұлы даланың жеті қыры» көрмесі көпшілік назарына бір ай бойы ұсынылады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...