Түзеу мекемесіндегі тінту шарасында 123 ұялы телефон тәркіленді

23 Қазан 2020, 15:28
1053
Бөлісу:
Түзеу мекемесіндегі тінту шарасында 123 ұялы телефон тәркіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараздағы ЖД-158/4 түзеу мекемесіндегі жоспарлы тінту шарасы нәтижесінде 123 телефон тәркіленді. Бұл туралы Жамбыл облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

ҰҚК, прокуратура, әскери полициямен әскери прокуратура, сотталғандардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында өңірдегі Ұлттық алдын алу тетігінің өкілдері және мекеменің жеке құрам қызметкерлерінің қатысуымен өткен шара барысында желілік емес «Лорент» құрылғылары және әскери бөлімнің 10 қызметтік иттері пайдаланылған. 3 кезең бойынша өткізілген тінту шаралары кезінде барлық іс-әрекеттер мекемедегі бейнебақылау құрылғыларына жазылып алынды және алып жүруге арналған бейнекамералар мен бейнежетондарға түсірілді.

Түзеу мекемесіндегі тінту шарасында 123 ұялы телефон тәркіленді

Жалпы, жүргізілген жалпы тінту іс-шарасы нәтижесінде, қатаң тәртіптегі түзеу мекемесіндегі сотталған азаматтардан 123  ұялы телефон тәркіленді. Сондай-ақ, 71 зарядтағыш құрал, 24 құлаққап, 23 сим карта және сотталғандар арасында қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін 73 түйрегіш- кескіш заттар (пышақтар, қолдан жасалған кескіштер және т.б.), 3 қол сағаты, 1 дана аудио-бейне жазатын құрылғымен ерекше иісі бар 2 орама табылып, тәркіленді.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков тыйым салынған заттардың мекемеге ену арналарын анықтау мен жолын кесу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты. 

Тінту іс-шарасын жүргізудегі мақсат - мекемедегі сотталғандар арасында тыйым салынған заттарды анықтау болып табылады. Осы жұмыстардың арқасында сотталғандар арасында орын алуы мүмкін құқық бұзушылықтардың немесе төтенше жағдайға соқтыруы мүмкін жағдайлардың алдын аламыз. Жалпы, түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды тасымалдау әрекеті де толастамай тұр. Осы ретте, мекеме қызметкерлерінің қызметіне кедергі келтіріп, заңбұзушылық әрекеттерге барған азаматтар жазасыз қалмайтынын ескертеміз. Ал туған-туысын заңбұзушылыққа итермелеген сотталғандар да тәртіптік жазаға тартылады, - деді Т.Жәнібеков.


Өзгелердің жаңалығы