ТЖД: Алматы өзендеріндегі гидрологиялық жағдай тұрақты

24 Ақпан 2021, 16:25
2184
Бөлісу:
ТЖД: Алматы өзендеріндегі гидрологиялық жағдай тұрақты

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Ерлан Әлібеков онлайн-брифинг барысында Алматы қаласының су тасқыны кезеңіне дайындығы туралы баяндады. 

Оның айтуынша, қазір Алматы тауларындағы қардың биіктігі 19-58 см аралығында. Жауған жауын-шашынның мөлшері 98 мм құрайды. Қаладағы топырақтың қату тереңдігі 41 см, бұл - былтырғы көрсеткіштен 11 см төмен. 

Қала өзендеріндегі гидрологиялық жағдай тұрақты. Жалпы қар төменгі таулы аймақта наурыз айына дейін, орташа таулы аймақта – сәуірге дейін, ал жоғары таулы аймақта маусым айына дейін жауады. Наурыз айына берілген ауа райының болжамына сәйкес орташа ауа температурасы 4,5 градусты құрайды. Жауын-шашынның мөлшері нормаға сай болады, ол - 76 мм, - деді Әлібеков.

2020 жылы ТЖД қаладағы жиі су басатын 20 учаске есепке алынған. Оның ішіндегі бір учаске Алатау ауданындағы Саялы шағын ауданындағы №4, 92 үйлердің жанында болған. Әкімдік қорындағы қаражаттың есебінен онда арық желісі салынып, қазір қауіп толығымен жойылыпты. Қалған 19 учаске бойынша 376 шақырымды арық желісін салу көзделіп отыр екен. 

Бүгінгі таңда ол бойынша жобалық-сметалық құжаттама аяқталуда. Ол наурыз айында республикалық сараптамаға енгізіледі. Оны іске асыру 2020-2023 жылдарға жоспарланған. Сонымен қатар өткен жылы қалада жоспарлы түрде 30 шақырым арық желісі салынды. Одан бөлек «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы шаралар кешені» Жол картасының іс-шаралары әзірленді. Кіші Алматы өзені арнасының жекелеген учаскелерін су бөлгіштен Мақатаев көшесіне дейін қайта жаңғыртылды. Қазір құрылыстық монтаждау жұмыстары 60 пайызға орындалды, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы