ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды

19 Сәуір 2021, 16:08
1704
Бөлісу:
ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы әкімдікте өткен онлайн брифингте халықты өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.

Ол мезгілдік төтенше жағдайларға тоқталды.

ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес Орталық Қазақстанда 12 сәуірден бастап өрт қауіпті кезеңі басталды. Қала аумағында да өткен мерзімде 3 ірі қамыс пен құрғақ шөптің жану фактілері тіркелді. Жалпы өртенген аудан 4 мың шаршы метр, - деп атап өтті Еркін Отарғалымұлы.

Кеше ғана ТЖД-нің 101 кезекші бөліміне Есіл ауданы 128 көше маңында құрғақ шөптің жануы туралы хабар келді. Өрт орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер шамамен 2 га аумақта қамыс пен құрғақ шөптің жанып жатқанын анықтады.

Өртті уақытылы сөндіру үшін өрт орнына 6 бірлік өрт техникасы және 30 бірлік жеке құрам жұмылдырылды.

Оның сөзінше, өрт толық сөндірілді, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Алда саяжай маусымы басталады. Сол себепті қала тұрғындары, саяжай иелері, өрт қауіпті кезеңінде саяжай аумағы, яғни жанғыш қоқыстар мен жапырақтардан уақытылы тазартылуы керек. Желді және қатты ысыған ауа райы кезінде қоқыс жағуға тыйым салынады, - деп айтты Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы.

ТЖД егер қоқыс жағатын болса, онда өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес қоқысты ғимараттардан 50 метр арақашықтықта жағу шарт дейді. Сондай-ақ саяжайдағы күнделікті жұмыс кезінде ашық отқа мұқият болу, оны пайдаланған кезде қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береді.

Өрт туындаған жағдайда 101 кезекші бөліміне хабарласу қажет.

Өзгелердің жаңалығы