Ұлттық кеңес – еліміздегі бірегей диалог алаңына айналды

30 Қазан 2020, 16:00
1715
Бөлісу:
Ұлттық кеңес – еліміздегі бірегей диалог алаңына айналды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тізгінін ұстаған сәттен бастап Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Қаулыға қол қойған болатын.

Нақтырақ айтар болсақ, 12 маусым күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 20) тармақшасына сәйкес Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Қаулы етті.

«Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі бір айлық мерзімде: 1) саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар көшбасшыларымен, азаматтық сектор өкілдерімен Кеңесті қалыптастыру және оның жұмыс тәртібі мәселелері бойынша консультациялар өткізсін; 2) өткізілген консультациялар қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Кеңестің құрамы мен Кеңес туралы ережені енгізсін», - делінген қаулыда.

Бұл Қаулы Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік басына келгеннен кейінгі №3 Жарлығы. Осыдан-ақ бұл кеңестің қаншалықты маңызды екенін бағамдауға болады.

Белгілі саясаткер, ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин бір сұқбатында: Бұл Президенттің өзінің тікелей бастамасы. Президент өз лауазымына кірісе сала, осындай қоғамдық-саяси диологты дамыту қажеттігі жөнінде, алуан пікірлі плюрализмді қолдайтындығын, ел мүддесі үшін конструктивтік күштердің біріге білуі қажеттігін, әркімнің өз пікірін айтуға, мемлекеттің ол пікірмен санасу қажеттігін бірінші күннен бері айтып келеді. Сол ойларының көрінісі, белгісі ретінде Президент мамыр айының басында Ұлттық кеңес – диолог алаңын құру қажеттілігі жөнінде бастама көтерген болатын. Кейін ол осы бастамасына қаншалықты маңыз беретінін көрсету үшін президенттік қызметке күні, инаугурация күні ең алғашқы қол қойған Жарлығы – Ұлттық кеңесті құру туралы Жарлық болатын. Сол арқылы Президент қоғамдық диологты дамыту өзі жүргізіп отырған саясатының негізгі бір басымдығы ретінде көретіндігін және осыған шынайы мүдделі екендігін анық көрсетті. Ұзаққа созып, бір айтып, кейіннен ұмытылып, біраз уақыттан соң қайтадан еске алып, ұран сөздермен ғана шектеліп отырса жөні басқа. Бірақ ол үнемі тұрақты түрде осы бастамасын жүзеге асырып келеді, – деген болатын.

Сол Жарлыққа сәйкес тиісті консултациялар өткізіліп, Кеңес құрамы анықталды, жұмыс ережесі бекітілді. Содан кейін түрлі кездесулер ұйымдастырылды, 2019 жылы қыркүйек айында бірінші отырысы өтті. Ашық пікір алмасу болды. Көптеген әрі өзекті, әрі өткір мәселелер мен тақырыптар ашық айтылды, көтерілді, талқыланды. Президент олардың барлығын ескеретіні жөнінде мәлімдеп, сәйкесінше Президентр Әкімшілігі өз тарапынан айтылған ұсыныстың барлығы бойынша Ақордада, Үкімет үйінде талқылаулар ұйымдастырды. Яғни осы бір жылдан астам уақытта қоғамдық диологты дамыту бағытында Президент тарапынан тұрақты түрде осы бастаманы жүзеге асыруға қолдау көрсетіліп келеді.

Ұлттық кеңес – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Оның қызметінің негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау және ол өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ Ұлттық кеңес жайлы негізгі ережені басшылыққа алады.

Ұлттық кеңестің 2019 жылы 6 қыркүйек күні өткен алғашқы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл дегеніміз, біздің демократия нығайып келеді, ал азаматтық сана патриоттық құндылықтарға негізделіп келеді деген сөз», - дей келіп; Біз елімізді жаңғырту жоспарын әзірлеуіміз керек. Кез келген бастама талқыланып, халықтың қолдауына ие болуы тиіс. Сондықтан менің Қазақстан халқына Жолдауымның негізін қоғамдық мәселелер құрады. Жолдауда айтылған бастамаларды Ұлттық кеңес аясында қарастырып, дамыту қажет, – деген болатын.

Бүгінге дейін төрт отырысы өткен Ұлттық кеңесте Президент пәрмені бойынша бірқатар заң жобасы талқыланып, өзгертулер енгізу туралы ұсыныс жасалды. Және соған орай Ұлттық кеңес ұсынған заң жобалары қабылданды.

Бүгінгі күні Ұлттық кеңестің аясында жарияланған саяси реформалар пакеті толық іске асып, мамыр-маусым айларында 7 заң қабылданған болатын. Бұл заңдар көппартиялы жүйенің дамуына, саяси партиялардың мәртебесінің артуына, жастар мен әйелдердің өкілетті билік органдарына белсенді тартылуына, адам құқығын қорғауына септігін тигізеді, – деді 22 қазан күні өткен төртінші отырыста Ұлттық сенім кеңесінің жетекшісі Ерлан Қарин.

Негізгі міндеттеріне – тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу; жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау; жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету; өзінің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру қатарлы шаралар кіретін Ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысы 2019 жылы 20 желтоқсанда өтті.

Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жария еттім. Мұны жақсы білесіздер. Біз өз қызметімізде, ең алдымен, қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алуымыз керек. Халықтан жоғары және халықтан биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ. Ұлттық кеңес, бірінші кезекте, қоғамдық диалог пен сенім алаңы ретінде құрылды. Біз осы сенімді ақтауға тиіспіз. Әрине, азаматтарды алаңдатқан түйткілді мәселенің бәрін бірнеше айда шешіп тастау мүмкін емес, – деді Мемлекет басшысы осы екінші отырыста сөйлеген сөзінде.

Алғашқы отырысынан бастап-ақ Ұлттық кеңес әлеуметтік, экономикалық және саясат деп үш топқа бөлініп жұмыс істеді. Елімізге белгілі саясаткерлер, қоғам белсенділері, журналистер мен түрлі сала мамандарынан құрылған 50-ге жуық адам үш топқа бөлініп, әр топ өздеріне тиесілі сала бойынша зерттеу жүргізді. Соның нәтижесінде Президент Әкімшілігіне таныстыруға 77 пункттен тұратын жоспар бекітілді.

Кеңес мүшелері тарапынан айтылған барлық ұсыныс жинақталып, жүйеленді. Содан кейін ол ұсыныстарды қарау бойынша арнайы жоспар қабылданды. 77 пункттен тұратын жоспар Президент Әкімшілігі жетекшісінің қолымен бекітілді. Ұлттық кеңестің ішінде қазір өте ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әрбір қадам бойынша Кеңес мүшелерімен кездесіп, хабардар етіп отырмыз, – деді Ерлан Қарин.

Ұлттық кеңес жұмысы барысында заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, журналистердің қудалануы бойынша 130-бап әкімшілікке ауыстырылды. Бейбіт шерулер туралы заңдарға өзгерістер енгізілді. Саяси партиялық тіркеуде партия мүшелерінің санын азайту, жастар мен әйелдердің партиялық белсенділігі, ауыл әкімдерін сайлау, т.б. қатарлы мәселелер талқыланып, шешімін тапты.

Ұлттық сенім кеңесі құрылғаннан бері кеңес мүшелерімен 24 кездесу өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 22 қазан күні өткен төртінші отырыста бұған дейін де аса маңызды болып келген мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Әсіресе, ішкі, сыртқы көші-қон мәселесі Президент назарынан тыс қалмады.

Мұнда көшіп келушілер үшін жаңа тұрғын үйлер салынуда, коммуналдық инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есе, яғни, 35 айлық есептік көрсеткіштен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Пандемия кезінде Ұлттық кеңес мүшелері еліміздің түрлі өңірлері мен аймақтарында коронавируспен күрес шараларының тиімді ұйымдастыруын қадағалады. Мысалы, Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Шибутовтың араласуымен жүк тасымалын кедергісіз қамтамасыз ету сияқты бірқатар мәселе шешімін тапты. Айдос Сарым басылымдардың жай-күйі мен жағдайы, тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының жиіленуіне байланысты мәселе көтерді.

Әлемді алаңдатқан коронавирус жағдайына байланысты екінші отырыс пен үшінші отырыс арасы біраз созылды. Дегенмен карантиндік жағдайды сақтай отырып, 27 мамыр күні Ұлттық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтті.

Үшінші отырыс негізінен білім саласына арналды деуге олады. Елдегі білім жүйесі, мектептердің жай-күйі, жоғарғы оқу орындарындағы білім мәселесі, мұғалім мәртебесі, ұстаздардың жалақысы терең талқыланды.

Менің шешімім бойынша 2021 жылдан бастап аудандық білім бөлімдерін басқару және оларды қаржыландыру облыстық деңгейге өтеді. Бұдан бөлек соңғы уақытта оқу орындарының басшыларын тағайындау тәртібі туралы мәселе жиі қозғалуда. Үкімет балабақша меңгерушілерін, мектептер мен колледждердің директорларын тағайындаудың түсінікті әрі ашық жаңа жүйесін әзірлеуі керек. Директорларды алмастыру және аттестациялау институтын енгізу ісі де басқарудың тиімділігін арттыруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы үшінші отырыста сөйлеген сөзінде.

Ұлттық сенім кеңесінің негізгі мақсат – саяси-қоғамдық диологты дамыту. Әр кезеңде әр түрлі бастамалар болады. Сол бастамаларға сәйкес, әр түрлі диолог алаңдары құрылуы заңдылық. Олар сол уақыттағы, сол кезеңде көтерілген мәселелерге қатысты өзінің белгілі бір үлесін қосады.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі біздің қоғамда ой еркіндігі мен пікір алуандығына шектеу жоқ екенін көрсетті. Әрине, кеңес өз жұмысын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасымен алда жалғастыра беретін болады. Уақыт талабына сай, онда көтерілетін мәселелер, ұсыныстар үнемі жаңарып, жаңғырып отырады. Мысалы, жақында Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсынысымен мәдени-рухани мәселелерді дамыту бағытында жаңадан топ құрылатын болады. Яғни, Кеңес жұмысы тек белгілі салаларда ғана шектеліп қалмайды. Ол қоғамның барлық саласындағы көкейтесті мәселелермен айналысады, - дейді Аида Балаева.

Араға төрт ай салып өткен Ұлттық сенім кеңесінің төртінші отырысы кеңес құрылғалы бері атқарылған жұмыстарға жасалған қорытынды болды деуге болады. Бұған дейін атқарылған жұмыстар сараланып, Мемлекет басшысы әрбір іске жеке-жеке тоқталды. Білім беру, ішкі-сыртқы көші-қон, партиялық тіркеу, мемлекеттік қызметтегі әйелдер санын арттыру, т.б. қатарлы біршама мәселе қаралды.

Осы жылы білім беру жүйесі қиындықтарға тап болды. Пандемия мектептердегі мәселелер мен цифрлық инфрақұрылымдық дамудағы, сондай-ақ, оқушыларды компьютермен қамтамасыз етудегі теңсіздікті айқындап берді. Бұл мәселелер кезеңімен шешіліп жатыр. Мемлекет мектептерде сапалы білім беру процесін ұйымдастыруы үшін қажетті барлық шараны қабылдап жатыр, – деді Президент өз сөзінде.

Ұлттық сенім кеңесі қоғамдағы қордаланып қалған түрлі мәселелерді ғана ұсынып қоймай, елдегі саяси өзгерістерге, әлеуметтік талқылауларға да қосыла алады. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық кеңес – елдің саяси-әлеуметтік және қоғамдық-экономикалық мәселелері талқыланатын бірегей алаңға айналды.


Өзгелердің жаңалығы