Университет рейтингін гранттар шеше ме?

13 Ақпан 2020, 12:30
3436
Бөлісу:
Университет рейтингін гранттар шеше ме?
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Атамекен" ҰКП ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірге 2018 жылдан бастап білім беру бағдарламаларының рейтингін өткізіп жүр. Осы рейтингтің "мақсаты, маңызы қандай және қалай өткізіледі?" деген сұраққа Атамекен ҚР ҰКП адами капиталды дамыту департаментінің сарапшысы Айнұр Ыбыжанова жауап берді. 

Тілші: "Атамекеннің" бұл рейтингті өткізудегі мақсаты қандай?

Айнұр Ыбыжанова: Жалпы, бұл рейтингтің мақсаты – жұмыс беруші мен жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайту. Қазіргі таңда теория мен практиканың алшақтығы байқалады. Соның салдарынан жақсы маман өзіне дұрыс жұмыс таба алмайды, ал жұмыс беруші жаңа маманды оқыту керек. Оған ақша мен уақытын жұмсайды. Сондықтан нарыққа бәсекеге қабілетті маман дайындау. Биыл үшінші жыл қатарынан ҚР білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, рейтинг жасап жатыр. Бұл рейтинг өзі бірнеше критерийлерден тұрады.

Тілші: Ол қандай критерийлер?

Айнұр Ыбыжанова: Рейтингтің негізгі өлшемдері ретінде түлектердің жұмысқа орналасуы бойынша және орташа жалақысын талдау, жұмыс берушілердің білім беру бағдарламасын сараптамалық бағалауы жатады. 2019 жылдың рейтингісінде 90 мамандық қамтылып, 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасы бағаланды. Қазақстанның барлық өңірлерінен жеті жүзден астам сарапшы қатысты. Соның нәтижесінде 109 жоғары оқу орны бойынша 6 мыңға жуық сараптамалық қорытынды келіп түскен. Олардың негізінде жоғары оқу орындары үшін ұсыныстар әзірленді.

WhatsApp Image 2020-02-13 at 09.43.10.jpeg

Тілші: Жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша қандай проблемалар анықталды?

Айнұр Ыбыжанова: Былтырғы жылы рейтинг бойынша жұмыс берушілердің талаптарына сай келген мамандар үлесі – 32,6% (666 білім беру бағдарламасы); жұмыс берушілердің сай келгенімен, жаңартуды талап ететіндердің үлесі – 51,8 (1052 білім беру бағдарламасы); күтілетін нәтижелерге сай келмеген, пысықтауды талап ететіндердің үлесі – 15,6% (318 білім беру бағдарламасы).

Тілші: Түлектердің мамандық бойынша жұмысқа орналасуы қандай деңгейде?

Айнұр Ыбыжанова: 50%-дан төмен 61 оқу орны анықталып отыр. Осы тізімдегі 16 оқу орнында жұмысқа орналасу проценті 50%-дан төмен мамандықтар анықталды. 2018 жылы Қазақстан бойынша "Мектепке дейінгі оқу және тәрбиелеу" мамандығы бойынша түлектердің жалпы саны 3978-ге тең болды. Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетте дәл сол жылы осы мамандықты 1077 адам бітірді. Олардың ішінде 1046 студент кешкі оқу нысанында оқыған. Бұл түлектердің жалпы санының 27%-ын құрайды. Өйткені, аталған оқу орнының осы мамандық бойынша жылдық төлемі 160 мың теңге. Арзан болғандықтан адамдар арасында сұраныс жақсы болып тұр. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде дәл сол жылы түлектердің саны 516 адамды құрады.

Тілші: Қазіргі кезде қандай мамандық иелеріне сұраныс аз?

Айнұр Ыбыжанова: Орташа есеппен алғанда, түлектердің диплом алған сәттен бастап жұмыс іздеу ұзақтығы 3,5 айды құрайды. Ең тез жұмыс табатындардың қатарында – "Көліктік құрылысы" мамандығының түлектері (2 ай). Ал "Шетел филологиясы", "Стоматология", "Кеден ісі" мамандықтарының түлектері 5 айдан артық уақыт бойы жұмыс іздейді екен. Түлектердің тұрақты жұмыс орналасқандарының үлесі – 51%.

WhatsApp Image 2020-02-13 at 09.43.35.jpeg

Тілші: Кейбір университетте студент аз болса да, ақша үшін оқыта беретін жағдай жиі кездесіп жатады...

Айнұр Ыбыжанова: Иә, дұрыс айтасыз. 2018 жылы жалпы түлектерінің саны 5-тен кем 261 білім беру бағдарламасы анықталды. Осы бағытта көшбасшы орындарға ие болған университеттер қатарында – Орталық Азия университеті (21 мамандық бойынша), Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (14 мамандық), Қазақ ұлттық аграрлық университеті (12 мамандық) бар. Өкінішке қарай, бұл оқу орындарында осы жағдай соңғы жылдары қайталанып отыр. Мәселен, Астана университетін "Есеп және аудит" мамандығы бойынша 2018 жылы 1 түлек бітірген, 2019 жылы 3 түлек бітірді.

Тілші: Рейтинг кім үшін керек?

Айнұр Ыбыжанова: Бірінші мектеп түлектері және олардың ата-аналары үшін қажет. Ешкімге жасырын емес, оқуға түсер кезде көбісі университеттің сыртқы бейнесіне қарайды. "Ағасы қайда түсті, төлейтін ақшасы төмен" деген факторларды ескеріп жататындар бар. Мысалы, сіз "журналистика" мамандығына түсетін болсаңыз, елордадағы таңдаған оқу орныңыз біздің рейтингте төмен болуы мүмкін. Аталған университетті бітірген түлектер қанша уақытта жұмысқа орналасып жатқанын рейтингтен көре аласыз. Оқу бағдарламасының қаншалықты сұранысқа ие екенін білуге болады. Екіншісі жұмыс берушілерге қажет. Мысалы, Нұр-Сұлтанда бітірген түлек Алматыға жұмысқа баратын болса, жұмыс беруші ол университет туралы ақпараты аз болуы мүмкін. Сол кезде осы рейтингті қарай алады. Сөйтіп, талдау жасауына болады. Үшіншіден, білім және ғылым министрлігінің бақылау комитетіне үлкен құрал болып табылады.

Тілші: Жалпы, рейтингті қалай жасайсыздар?

Айнұр Ыбыжанова: Негізгі критерийлер бар. 2018 жылы 12 болса, биыл 17-ге дейін көбейді. Бастысы, жұмысқа орналасу. Мұның барлығын жоғары білім берудің басқару жүйесі және зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының дерегі бойынша жасаймыз.

WhatsApp Image 2020-02-13 at 09.43.25.jpeg

Тілші: Білім беру гранттарының мақсатсыз пайдаланылуы туралы айтып өтсеңіз?

Айнұр Ыбыжанова: Мәселен, 2018 жылы 2886 жас маман жоғары оқу орнын білім бағыты бойынша мемлекеттік грант негізінде бітірді. Дегенмен, 1010 түлек қана мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Ал 1255 түлек (43 %) өз мамандығы бойынша жұмыс істемесе, мүлдем жұмыс істемейтіндердің үлесі – 621 (22%). Аграрлық бағыт бойынша 1552 түлек диплом алып шыққан. Олардың ішінен 169-ы (11%) ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан екен. Егер бір жылғы оқу ақысының орташа мөлшерін алатын болсақ – 350 мың теңге, онда мемлекет білім бағыты бойынша 2,6 млрд теңге, аграрлық бағыт бойынша 2 млрд теңге көлемінде тиімсіз қаражат жұмсаған. Дәл осындай үрдіс ақылы бөлімнің де түлектерінде байқалады. Себебі, мектеп түлектерінің арасында кәсіптік бағдарлау жұмысының аз жүргізіліуі, мектеп түлектерімен және олардың ата-аналарымен үгіттеу жұмысы тиімділігінің төмендігі байқалады. Сондай-ақ, мектеп пен жоғары оқу орнының арасында өзара байланысты жоқтығы туралы қорытынды жасауға болады.

Тілші: Әңгімеңізге рахмет!

"Атамекен" ҰКП және ҚР Білім және ғылым министрлігі мен "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" бірлесіп жүргізген рейтингтің қорытындысы.

 Жоғары оқу орындар рейтинг нәтижелері бойынша үздіктері:

·        ҚМЭБИ университеті;

·        КАЗГЮУ университеті;

·        Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті;

·        Сүлейман Демирел атындағы университет;

·        Қазақстан-Британ техникалық университеті;

·        М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті.

Ең төмен орындарға ие болған жоғары оқу орындары:

·        Сырдария университеті;

·        SilkWay халықаралық университеті;

·        Қазақстанның теңіз университеті;

·        Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университеті;

·        Орталық Азия университеті;

·        Астана университеті;

·        А. Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті;

·        Болашақ университеті.

Өзгелердің жаңалығы