Вакцина – жақындарымызды қорғау үшін қажет. Танымал тұлғалар екпе алды

27 Сәуір 2021, 10:30
2623
Бөлісу:
Вакцина – жақындарымызды қорғау үшін қажет. Танымал тұлғалар екпе алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқылардың бірі болып отандық «QazVac» вакцинасын алды. Ел алдында жүрген тағы қандай тұлғалар екпе алғанын тізіп шыққан едік.

Қазақстан заңгерлер қоғамының президенті Әнуар Түгел «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін алғаннан кейінгі әсерімен бөлісті.

Өз мүмкіндігімді асыра бағалаппын. Егер жартылай марафоннан өтіп, саламатты өмір салтын ұстанатын болсам, маған вакцинаның әсері еш білінбейді деп ойладым. «Спутник- V» вакцинасының екінші компонентін қабылдағаннан кейін температура көтеріліп, буындар сырқырап, әлсіздік барын сезіндім. Жалпы, тұмаудың барлық белгілері байқалды. Бақытыма орай, бұл жағдай кешке қарай қайтты, бірақ денсаулыққа асқан жауапкершілікпен қарау керек екенін түсіндім. Өзіңнің және жақындарыңның денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Өзіңізді қорғаңыз және ауырмаңыз, - деп жазды ол.

Ал экономист Зейнолла Кәкімжанов «Спутник» вакцинасының елімізде өндірілуі өте жақсы көрсеткіш екенін жеткізді.
Отандық «QazVac» вакцинасына өте жақсы нәтиже тілеймін. Бұл шын мәнінде ел үшін маңызды қадам болады. Менің түсінуімше, ол «Вектор» вакцинасы сияқты принциптерге негізделген. Ал, елімізде «Спутник V» вакцинасын өндіру фактісі жақсы көрсеткіш. Біздің «Спутник V» фарм өндіруші компаниясы жұмысты жоғары жауапкершілікпен атқарып жатқанына еш күмәнім жоқ, - деді ол.
Блогер Азамат Ерғали бүгін таңертең министр Алексей Цойдың вакцина салдырғанын жаңалықтардан көрген соң, өзі де екпе алуға шешім қабылдаған.
Әуелде Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысына көңілім толмай, вакцинация процесі сәтсіз жүріп жатыр деген ойда едім. Бірақ, бұлай жаза салу оңай, алдымен өзімнен бастайын деп шештім. Мен де министр Цой екпе салдырған №9 қалалық емханаға келіп, екпе алдым. Мұнда «Спутниктегідей» 5 адам күтіп отырудың қажеті жоқ, себебі, отандық вакцина бір дозалы. Барлығы жылдам жасалады. Денсаулығымда еш өзгеріс байқалмады, - деп жазды ол.
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жексенбі күні «Спутник-V» вакцинасын салдырғандардың бірі. Ол дәрігерлердің алдымен тіркеуден өткізіп, дене қызуы мен қан қысымын өлшеуден бастап толық медициналық тексеру жасағанын жазды.
Вакцинадан кейін жарты сағат арнайы бөлмеде мамандар бақылауында болдым. Қазір жағдайым жақсы, ешқандай жанама әсерлері байқалған жоқ. Мамандар екпе салынған жерге су тигізбей, жылы ұстап, күтініп әрі сақтық шараларын ұстанып жүруге кеңес берді. Күн жексенбі екеніне қарамастан, емханаға вакцина алушылар келіп жатқанын көрдім. Дәрігерлер халықтың жас-кәрі демей, вакцина алуға деген белсенділігі жақсы екенін айтып отыр, - деді ол.
Аймақ басшысы вакцина алу арқылы ғана ұжымдық иммунитет қалыптасып, қауіпті індеттен толық құтылатынымызды түсіну маңызды екенін айтады.

Қазір өңіріміз «қызыл» аймақта тұр. Сақтық талаптарын сақтай отырып, сіздерді де вакцина алуға шақырамын. Жақындарамыз бен айналамыздағыларды қорғау да, өздеріңіздің қорғануларыңыз үшін де - коронавирусқа қарсы вакцина алу өте маңызды. Қауіпті індетпен күресіп әрі вакцинациялау жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқан медицина қызметкерлерінің барлығына алғысымды білдіремін, - деді ол.

Саясаткер Талғат Қалиев пен Сенат аппараты басшысының орынбасары Максим Споткай да қазақстандықтарды вакцина алуға шақырды.

Барлық досымды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл ата-аналарымыз бен жақындарымызды қорғау үшін қажет. Президентіміз айтқандай, бұл біздің азаматтық парызымыз, - деді Споткай.

Өзгелердің жаңалығы