Вакцинация барысында IT-технология мүмкіндігін кеңінен пайдаланатын боламыз – Шоранов

3 Наурыз 2021, 17:25
1863
Бөлісу:
Вакцинация барысында IT-технология мүмкіндігін кеңінен пайдаланатын боламыз – Шоранов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде айтты.

2020 жыл коронавирус инфекциясымен күрес аясында өтті. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі жұмыстары да санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейту, коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация, медициналық қызмет сапасын арттыру және медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру бағытында жүрді. Сонымен қатар тарифтік саясатты өзектендіру және денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселелері де бар, - деді ол.

Вице-министр денсаулық сақтау саласындағы инвестициялар үшін 2020 жылы 32 млрд теңге бөлінгенін айтты. Бұл - 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге жоғары.

Эпидемияға қарсы шараларға атсалысқаны үшін медициналық қызметкерлерге Мемлекет басшысының тапсырмасына орай материалдық көмек көрсетіліп, тәуекел тобындағы 3 деңгей бойынша 116 млрд теңге көлемінде үстемеақы берілді. Осы тұрғыда барлық дәрігер, медбике, санитарлық қызметкер, жедел жәрдем бригадасы, зертхана қызметкері, эпидемилог және басқа да медицина қызметкерінің жанқиярлық батырлығына ерекше алғыс айтқым келеді. Мемлекет басшысының медқызметкерлерге арналған үстемеақы жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 9 мыңнан астам медицина қызметкері әлеуметтік төлем алды, - деді Шоранов.

Ол сонымен қатар эпидемияға қарсы шараларға қатысқан әкімдік, ішкі істер органдары, шекара қызметі, Қорғаныс министрлігі, еріктілер тобы және журналистерге де алғысын білдірді.

2021 жылы біз 6 млн-нан астам адамды егуді жоспарлап отырмыз. Халыққа иммундық алдын алу үшін біз eGov mobile «Вакцинация» сервисін, SMS-хабарламаларды, жеке кабинетті пайдалану, сондай-ақ «Цифрлық құжаттар» сервисіне вакцинация паспортын енгізу арқылы IT-технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланамыз, - деді Марат Шоранов брифинг барысында.

Вице-министр вакцинация жүргізу туралы деректер министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электрондық форматта жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Бұл вакциналанғандардың санын есепке алуға және вакцинация көлемін жоспарлау және сырқаттанушылық көлемін болжау үшін болашақта халықтың иммундық мәртебесін бақылауға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді ол.

Шоранов министрліктің профилактикалық егулерді жүргізу, вакцинаны тасымалдау және сақтау кезінде суық тізбек шарттарын сақтау мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдерді әзірлегенін және бекіткенін атап өтті.

КВИ-ге қарсы вакцинация тактикасы және вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды, - деп толықтырды Шоранов.

Өзгелердің жаңалығы