Вакцинация қалай әсер етеді?

25 Қаңтар 2021, 12:06
7679
Бөлісу:
Вакцинация қалай әсер етеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында коронавирусқа қарсы жаңа және тиімді вакциналар бізді қалыпты өмірге, коронавирусқа дейін өмірге әкеледі деп үміттеніп жүргендер баршылық. Бірақ, ғалымдар вакцинаның пайда болуы «жақын арада маскамен қоштасамыз», дегенді білдірмейтінін ескертеді.

Десек те, вакциналар қазіргі медицинаның ең үлкен жетістіктерінің бірі болып саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша, екпелер жыл сайын өмірге қауіпті деген 20-дан астам аурудан екі-үш миллион өлімнің алдын алады. Осыдан бір ғасыр бұрын жиі кездесетін балаларда болатын ауру түрлері қазір сирек кездеседі. Жүздеген миллион адамның өмірін жалмаған шешек толығымен жойылды. Алайда, бұл жетістіктерге жету үшін ондаған жылдар қажет болды, бүгінде біз тиімді коронавирустық вакциналар қысқа мерзімде осындай нәтиже береді деп үміттеніп жүрміз.

Жалпы, вакцинация арқылы алдын алуға болатын аурулар қауіпті әрі түбінде өлімге де әкелуі мүмкін. Вакцинация ауруға төтеп бере алатын иммунитетті дамыту үшін ағзаның табиғи қорғаныс реакциясын қолдана отырып, инфекция жұқтыру қаупін едәуір төмендетеді. Бүгінгі материалда ағзаның инфекциямен қалай күресетінін және вакцинацияның ауруға қарсы иммунитетті қалыптастыру арқылы адамды қорғауға қалай әсер ететінін түсіндіріп көрелік.

Иммундық жүйе – ағзаны түрлі инфекциядан қорғайтын механизм. Вакцинаның қалай әсер ететінін түсіну үшін организмнің қандай да бір дертпен қалай күресетінін мүмкіндігінше аңғару керек. Түрлі бактериялар немесе вирустар адам ағзасына енгенде, олар бірден көбейіп, шабуыл жасайды. Бұл шабуыл инфекция деп аталады және инфекцияның соңы ауруға ұласады. Иммундық жүйе инфекциямен күресу үшін бірнеше әдісті қолданады: қан құрамында өкпеден оттегін дене тіндеріне және түрлі мүшелерге жеткізетін эритроциттер, сондай-ақ инфекциялармен күресетін лейкоциттер бар.

Организм бактериямен немесе инфекцияны тудыратын вируспен алғаш рет кездескенде, ағзаға вируспен немесе бактериямен күресу мақсатында қажетті құралдарды жасау үшін бірнеше күн қажет және оларды инфекцияны жеңу үшін қолдана бастайды. Ағза инфекциямен күрескеннен кейін иммундық жүйе ағзаны белгілі бір аурудан қорғау үшін қолданылған барлық құралдарды «есте сақтап қалады».

Екпе инфекцияны модельдеу арқылы иммунитетті дамытуға көмектеседі. Инфекцияның бұл түрі ауруды тудырмайды, бірақ иммундық жүйені Т-лимфоциттері мен антиденелерін дамытуға итермелейді. Кейде вакцинациядан кейін инфекция аурудың жеңіл белгілерін тудыруы мүмкін, мысалы, жоғары температура. Бұл жеңіл белгілер белгілі құбылыс саналады және олар ағза иммунитетті дамытуға кіріскен кезде пайда болады.

Инфекция өткен кезде ағзада Т-лимфоциттер мен «жад жасушалар» қоры болашақта ауруды қалай жеңуге болатындығын «есте сақтап» қалады. Алайда, вакцинациядан кейін Т-лимфоциттері мен В-лимфоциттерін жасау үшін ағзаға әдетте бірнеше апта қажет. Сондықтан вакцинациядан аз уақыт бұрын немесе вакцинациядан кейін вирус жұқтырған адам аурудың белгілерін дамытып, ауырып қалуы мүмкін, өйткені вакцинаның қорғаныс жасауға жеткілікті уақыты болмады.

Ағза вакцинацияға белгілі бір жауап қайтаруы, яғни, инъекция орны қызарып, ісінуі немесе ауырсынуды тудыруы қалыпты жағдай саналады. Вакцинациядан кейінгі алғашқы үш күнде адам әлсіздік барын сезінуі мүмкін, температурасы көтеріліп, басы мен буындары ауыруы мүмкін. Бұл жеңіл белгілер және ол бірнеше күннен кейін кетеді. Аталмыш белгілер вакцинаның жұмыс істейтінін көрсетеді, ол иммундық жүйені ынталандырады және ағзаны енгізілген препарат қабылдайтын «жалған» инфекциядан қорғауға шақырады.

Маска шешетін күн жақын ба?

Кейбір пайда болған вакциналардың 90%-дан астамы (яғни, 10 вакцинацияланған адамның тоғызы Covid-19-дан қорғалған болады) тиімді екендігі туралы жаңалықтар көп ұзамай біздің әлеуметтік қашықтан бас тартып, маскаларды қолдануды тоқтата аламыз деп сендірді. Реттеуші органдар тез арада вакцинацияға рұқсат берген және жаппай вакцинация бағдарламаларын орналастыруды жоспарлаған АҚШ пен Ұлыбританияда кейбіреулер тіпті 2021 жылдың көктемінде өмір қалыпты, пандемияға дейінгі жағдайға қайта оралуы мүмкін деп болжайды.

Бірақ көптеген ғалым мен денсаулық сақтау маманы вакциналар жақын арада бізге әдеттегі өмір салтын қайтаруы екіталай деп ескертеді: олардың бастапқы қоры өте шектеулі және вакциналар негізінен коронавируспен күресте осал топтар мен медицина қызметкерлеріне арналған.

Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Аданом Гебрейюс те мәлімдеген болатын.

Вакцина бізде бар басқа құралдарды толықтырады және оларды алмастырмайды. Вакцина өзінен-өзі пандемияны тоқтатпайды. COVID-19 вакцинасының алғашқы жеткізілімдері шектеулі, сондықтан ең алдымен, денсаулық сақтау қызметкерлеріне, қарттарға және басқа да қауіпті топтарға басымдық беріледі. Бұл өлім-жітім санын азайтады және денсаулық сақтау жүйесіне жағдайды шешуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз, бірақ вирустың әлі де маневр жасауға мүмкіндігі жеткілікті, - деді ол.

Демек, вакцинаның өзі COVID-19 пандемиясын тоқтатпайды. Сондықтан, адамзат әлі де жалғастыруы керек әдеттер:

-         Бақылау

-         Сынау, оқшаулану және науқастарға күтім жасау

-         Науқаспен байланыста болғандарды бақылау және карантин

-         Қажетті мамандарды тарту

-         Адамдарды сақтық шараларын сақтауға шақыру

100% ба?

Адамнан адамға берілетін жұқпалы аурулар жағдайында нақты қорғаныс үшін өте көп адамға вакцинация жасау керек екенін бәрі бірдей түсіне бермейді. Вакцинаның күші - оның жеке науқастарды ғана емес, айналасындағыларды да қорғауға қабілеті барында жатыр. Бірақ, мәселе – кез келген вакцинаның 100% тиімі болмауында болып отыр. Тіпті, ең үздік саналатын қызылшаға қарсы вакцинаның өзі адамдардың 95%-дан 98%-ға дейін ғана қорғай алады.

Жақында ұсынылған Pfizer/BioNTech және Moderna компаниялары жасап шыққан Covid-19 вакциналары әлі де 100 пайыздық тиімділікке қол жеткізе қойған жоқ. Бұл пайыз уақыт өте келе төмендей ме және клиникалық сынақтар кезінде алынған нәтижеден қаншалықты өзгеше болатынын біз әлі нақты білмейміз.

Бұл – егер тұтас әлем вакцинацияланса да, шамамен, әрьір оныншы адам Covid-19-дан қорғалмайды дегенді білдіреді. 100 пайыз қамтылмай (бұл кез келген вакцинация бағдарламасында мүмкін емес), қауіпке тап болатын адамдар саны жоғары болатынын ескеру керек. Мұндай қауіп ең осал адамдарға жақын болуы мүмкін: егде жастағы адамдарда вакцинацияға әлсіз реакция болатыны белгілі, дегенмен коронавирустық вакциналар осыған байланысты үміттендіретін нәтиже көрсетті.

Сонымен қатар кейбір адамдар денсаулығына байланысты вакцинациядан мүлдем өтпеуі де мүмкін, мысалы, қатерлі ісікті емдеу курсынан өтіп жүрген науқастар. Бұл айналамыздағы адамдардың едәуір бөлігі әлі де вирус жұқтыру қаупі бар екенін білдіреді. Олардың арасында сіздің достарыңыз бен туыстарыңыздың болуы ғажап емес. Алайда, барлығына жанама қорғауды қамтамасыз ету әдісі бар: бұл жаппай вакцинация. Егер адамдарды жеткілікті мөлшерде екпеден өткізер болса, таңқаларлық жағдай орын алады: вирустың таралу тізбегін үзетін көрінбейтін қалқан жасау арқылы осал топтағы адамдарды жанама түрде қорғап қалуға мүмкіндік туады. Кейде мұны «ұжымдық иммунитет» деп те атайды.

«Екпе салдырмаймын!»

Жаппай вакцинацияны баяулататын тағы бір фактор бар. Денсаулық сақтау саласының мамандарына «вакцинацияға деген сенімсіздік» толқынын жеңуге тура келеді. Себебі, вакцинацияны қаламайтын адамдар саны өсуде. ДДСҰ «вакцинацияға қарсы қозғалысты» жаһандық денсаулыққа төнген 10 негізгі қауіптің бірі санайды.

Британ академиясы мен Корольдік қоғам есебінде келтірілген мысалды алсақ, Ұлыбританияда адамдардың шамамен 36%-ы вакцинацияға сенімді емес немесе келіспейтінін мәлімдеген. Бұған ұқсас сандар қараша айында YouGov сауалнамасында да жазылған. Вакцинация туралы жалған ақпараттың көбеюімен қатар, екпеге қатысты мұндай сенімсіздік көптеген елде ұжымдық иммунитетті қалыптастыруды қиындатуы мүмкін.

Лондон императорлық колледжінің эпидемиологы, профессор Азра Гани әдетте вакцинациядан өтуге қарсы емес, бірақ қазіргі уақытта Covid-19 вакциналарының соншалықты жылдам жасалғанына байланысты «аздап мазасызданған» адамдарды тыныштандыру керек деп санайды. Оның пікірінше, халықтың сеніміне ие болу және адамдарды вакцинациялауға мәжбүрлеу біртіндеп, тез арада болмаса да, «жалпыға қарсы иммунитет» деңгейіне жақындатады.

Қалыпты өмірге қашан ораламыз?

Қазіргі уақытта әлемде COVID-19-ға қарсы бірнеше вакцина бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Pfizer/BioNTech коронавирустық вакцинасын шұғыл қолдануға ұсынылатын дәрі-дәрмектер тізіміне енгізді. АҚШ пен Ұлыбританияда Pfizer/BioNTech компаниялары халықты вакцинациялай бастады. Тіпті, Ұлыбритания патшайымы Елизавета II мен Эдинбург герцогы Филип коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырды. Ресейде екі вакцина тіркелген «Спутник V» және «ЭпиВакКорона». 5 желтоқсанда Мәскеуде «Спутник V» препаратымен коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Ал, коронавирусқа қарсы Pfizer/BioNTech вакцинасы Қазақстанда 2021 жылдың екінші жартыжылдығында жеткізіледі. Мұны кезекті кездесулердің бірінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеген болатын.

Жаңа жыл қарсаңында біз Pfizer компаниясымен соңғы келіссөздерді жүргіздік. Біз бұл вакциналарды жеткізу мүмкіндігін талқыладық. Құны туралы келістік. Құпиялылық туралы келісімге қол қойылды - біз жария ете алмайтын ақпарат. Бұл ішкі параметрлерге қатысты. Бірақ жалпы алғанда, бұл вакцина Қазақстанда екінші жартыжылдықта пайда болуы мүмкін деген ұсыныс айтылды, - деген еді ол.

Министр сонымен қатар жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салу жоспарланып отырғанын айтты.

Десек те, Лондон императорлық колледжінің эпидемиологы, профессор Азра Гани әлемді пандемияға дейінгі өмір сүру режимін қалпына келтіру үшін тағы екі жыл қажет болады деп санайды, бірақ бұл процесс Ұлыбритания сияқты табысы жоғары елдерде тезірек жүруі мүмкін. Бірақ ол вакциналар пандемияны тоқтатса да, олар бізді вирустан құтқармайтынын және әлем басқа жұқпалы аурулар сияқты вакцинацияны кейін де жалғастырып отыруы керегін ескертеді.

 



Өзгелердің жаңалығы