Волонтерлер мектебінде оқыту қалай жүргізіледі

22 Қыркүйек 2020, 23:34
968
Бөлісу:
Волонтерлер мектебінде оқыту қалай жүргізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жалпы биыл 300-ге жуық волонтер оқыту жоспарланған, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Нұр-Сұлтандағы волонтерлер мектебінде оқыту жыл сайын өткізіледі. Қазіргі уақытта «Астана жастары» КММ-дегі еріктілер тізімінде екі мыңға жуық адам бар. Ерікті болғысы келетіндер үш кезеңнен тұратын оқудан өтуі керек.

Алдымен бастапқы дайындық курсынан өту керек. Онда алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретеді, түрлі психологиялық тренингтер өткізеді. Яғни, жалпы дайындық жүргізіледі, - дейді Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Астана жастары» басшысы Шыңғыс Тілеулин.

Бастапқы дайындық шамамен он сабақтан тұрады. Одан кейін мамандандыру курсы өтеді. Еріктілер бағыттарға бөлінеді.

Төтенше жағдайлардағы көмекке қатысқысы келетіндер мамандармен бірге дайындықтан өтіп, оқу-жаттығу жиындарына барады. Сонымен қатар халықаралық еріктілер мен әлеуметтік еріктілерге арналған тренингтер өткізіледі. Әрі қарай тікелей акциялар кезінде практикалық сабақтар болады, - деп түсіндірді Шыңғыс Тілеулин.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жыл Қазақстанда Волонтерлер жылы деп жарияланды. Ұйымда 2014 жылдан бастап шамамен 2,5 мың адам оқытылды. Еріктілер Арыс қаласын қалпына келтіруге көмектесті, пандемия кезінде мұқтаждарға көмек жеткізді, маскалар таратты және бұған дейін Қазақстанның астанасында өткен халықаралық іс-шараларға қатысты.

Өзгелердің жаңалығы