Бас жаңалықтар
«WhatsApp білім беретін платформа емес». Қашықтан білім беруге қалай бейімделеміз?
PHOTO
16 Қыркүйек 2020, 10:18 1030

«WhatsApp білім беретін платформа емес». Қашықтан білім беруге қалай бейімделеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл 1 қыркүйектен бастап жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталды. Республика оқушыларының 80%-ы осы форматта оқып жатыр.

Осы орайда, Республикалық QazBilim орталығының бас директоры, педагог Аятжан Ахметжан қашықтан білім беруге қалай бейімделуге болатыны туралы айтып берді. 

Пандемия кез келген саланы үлкен әбігерге салып, тығырыққа тіреді. Осы тұста бұған дейін өзіміз көңіл бөлмей келе жатқан онлайн білім беру мәселесі алдымыздан шықты. Бұған дейінгі дәстүрлі білім берудің мәселесі басқа деңгейге көтерілуіне тура келді. Қаласақ та, қаламасақ та қашықтан білім беруді қабылдауға мәжбүр болдық, - дейді Аятжан Ахметжан. 

  Қашықтан білім беруге қалай бейімделеміз? 

Дәстүрлі білім берудің формасы - оффлайн білім беру. Яғни мұғалім мен оқушының тікелей қарым-қатынасы, сондай-ақ кел келген уақытта сұрақтарын қоя алатын. 

Онлайн білім беру формасы. Мұғалім мен оқушы немесе түсіндіруші мен тыңдаушы арасында тікелей қарым-қатынас болмағанымен бір-біріне сұрақ қою мен эмоциясын сезіну мүмкіндігі. 

Ал қазіргі жаңа оқу жылында білім беру мекемелері қолданып жүрген формат – қашықтан білім беру. Қашықтан білім беру форматы бірнеше түрге бөлінеді. Теледидар немесе түрлі платформаларда алдын ала дайындалған сабақтар. Яғни мұнда сабақтар тақырыбы оқушысы жоқ аудиторияда түсіндіріліп, түсіріледі. Содан кейін ғана ол сабақтар теледидардан не белгілі бір сайттан көрсетіледі. Ары қарай оқушы осы бойынша берілген тапсырмаларды орындауы қажет. Яғни бұл алдын ала дайындалған контент, - дейді педагог. 
WhatsApp Image 2020-09-16 at 09.35.43.jpeg

Оның айтуынша, қазір онлайн білім беру - әлемдік тренд. Ол бойынша көптеген платформа бар. 

  Біз неге бұл форматты таңдадық? 

Білім берудің сапасына келетін болсақ, сапасы да жоғарыдан төмен түсіп отырады. Оффлайн білім берудің сапасы онлайн білімнің сапасынан әлдеқайда жоғары. Ал онлайнның өзі қашықтан білім беруден жақсы. Ең төменгі саты - қашықтан білім беру. Десек те онлайн білім беруге мүмкіндік болмады. Оған интернеттің жылдамдығының болмауы мен халықтың ақпараттық сауаттылығы әсер етті, - деді Аятжан Ахметжан. 

  Онлайн білім берудегі бағдарламалар: 

1.      Zoom. Оның тегін нұсқасы және ақылы нұсқалары бар. Тегін нұсқасында қолдану уақыты шектеулі. Әр 40 минут сайын эфир үзіліп отырады. Ал ақылы бөлімінде уақыт пен қолданушы санына шектеу жоқ.
2.      Skype. Бұл желіде бір уақытта ондаған, жүздеген адам қосыла алатын жүйелері бар. Сондай-ақ, конференция құру мүмкіндігі де қарастырылған.
3.      Google Times сияқты платформалармен де жұмыс істеуге болады.
4.      Әлеуметтік желілер (Instagram, Telegram, Youtube, Facebook, Vkontakte). 

  Коронавирус бізге не үйретті? 

Әлемдік нарықта бұл платформалармен жұмыс істеуде ақпараттық сауаттылық қажет емес. Онлайн білім беруді карантин, яғни COVID-19 үйретті. Бұл індеттің әкелген қиындықтары жетерлік. Алайда коронавирус онлайн платформалармен жұмыс істеуді үйретті. Түрлі салаға кесірін тигізгенімен, кей дүниені үйретті десек, артық болмас, - деді ол. 

Аятжан Ахметжанның сөзінше, жаңа технологияның мүмкіншіліктерін барынша пайдалануымыз керек. 

Қашықтан оқуды COVID-19 әкелмесе де, біз оны 10 шақты жылда қабылдауымыз керек болатын. Себебі технология соған итермелеп жатыр. Мысалы, 2018 жылы АҚШ-тағы Online университет 30 жылдан кейін әлемдегі университеттердің 90%-ы офистерін жабады деп мәлімдеме жасады. Яғни университеттер тек қана онлайн білім беруге көшеді. Олар ең алдымен гуманитарлық бағыттағы университеттер көшетінін атап көрсетті, - деді ол.  

Ахметжанның айтуынша, баланың қасында отырып, эмоциясын сезіп жүрген адамға онлайн білім беру, қарсы жақтың эмоциясын көрмеу ауыр тиеді. 

  Қашықтан білім беруге қаншалықты дайынбыз? 

Оның сөзінше, дәстүрлі білім беруге қарағанда қашықтан білім беруде қажетті материалдық жабдықтар азайған. 

Дәстүрлі білім беруде бізге аудитория, тақта, парта және басқа да жабдықтар қажет еді. Ал дәл қазіргі қашықтан не онлайн білім беруге бізге не керек? 2-3 дүние ғана. Камерасы бар компьютер, жылдам интернет және планшет. Қабат-қабат мекемені тұрғызып не болмаса оны жалдаудың қажеті жоқ. Үйдің бір бөлмесінде мектепті қалыптастыруға толыққанды мүмкіндік бар. Тіпті үйдің бір бөлмесінде отырып, Гарвардтың білімін алуға да мүмкіндік бар. Яғни бізге қажетті жабдықтардың экономикалық мүмкіндігі әлдеқайда азайды, - дейді Аятжан Ахметжан. 

Сондай-ақ, онлайн білім беру уақыт үнемдеу мүмкіндіктерін бергенін айтты. 

  Білім алушы үшін не керек? 

Білім алушы үшін екі ғана дүние керек. Оларға телефон және интернет болса жеткілікті. Байқағандарыңыздай, мұғалімге үш дүние керек болса, оқушыға тек екеуі ғана. Тіпті ноутбук та керек емес. Телефон арқылы өзіне қажетті білімді ала алады. Онлайн білім беру кезінде «шегінетін жол» жоқ. Қаласақ та, қаламасақ та осы бағытқа көшеміз. Жоғарыда айтқандай бәсекелес дәуірде кез келген оқу орны бір-бірімен бәсекелес бола алады, - деді мұғалім Аятжан Ахметжан. 

  WhatsApp білім беретін платформа емес.. 

Біз балаларға WhatsApp-та білім беріп жатырмыз. Әлемдік нарықта отырып, WhatsApp-та оқытып жатырмыз десек, біраз адам күлуі мүмкін. Себебі, WhatsApp не басқа да мессенджерлер адамдардың бір-бірімен хат алмасатын құралы. Олар білім беретін платформа емес. Балалардың бәрі WhatsApp-та білім алып жатыр деп есептесек, онда біз әлемдік нарықта әлдеқайда шеткері қалдық, - деп атап өтті ол. 

Педагог мессенджерде білім беріп, білім алуды ұмытып, жаңа дәуірге қадам басатын уақыт жеткенін айтты. 

Еліміздегі ең үлкен минус – интернеттің мүмкіндігі. Себебі youtube-тағы видеолардың жылдамдығын көтере алмайтын интернеттің сапасы сыны туралы айтуға болады, - деді Аятжан Ахметжан. 

  Мұғалімдерге кеңес: 

-          Көп ізденіп, үйренулері керек;
-          Жаңа бағдарламаларды қолдануды үйрену қажет.  

  Еліміздегі жаңа оқу жылы туралы 

WhatsApp Image 2020-09-16 at 09.40.08.jpeg

Биыл 1 қыркүйектен бастап жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталды. Әйтсе де министрлік ата-аналардың өтініші бойынша кезекші сыныптар ұйымдастырды. Онда 1-4 сыныптың 15-тен аспайтын оқушылары жиналды. Бұл кезекші сыныптар үшін мектептерде барлық карантин және санитарлық талаптар сақталып, оқу процесі өтіп жатыр. Одан бөлек эпидемиялық ахуалы жақсы шалғайда орналасқан мектептер оқу жылын дәстүрлі форматта бастады. Ал қалған оқушылар қашықтан оқып жатыр. 

Стастистикалық мәліметтерге сәйкес, 2,6 млн бала қашықтан оқыса, оқушы саны 180-ге дейін жететін мектептерде 250 мың бала дәстүрлі форматта, ал 547 мың бала кезекші сыныптарда білім алуды жалғастырып жатыр. 

  Оқыту платформалары 

WhatsApp Image 2020-09-16 at 09.41.03.jpeg

Қашықтан оқыту аясында отандық нарыққа 8-ден астам білім беру платформасы енгізілді. Бірақ платформалардың функционалы мен мүмкіндіктері әр түрлі. Министрлік оқыту процесін толыққанды іске асыру үшін қажетті функционалды білім алуға мүмкіндік беретін онлайн платформаларға қойылатын бірыңғай талаптарды әзірледі, - деп айтқан болатын білім министрі. 

Айта кетейік, әр мектеп өздеріне ыңғайлы оқыту платформалары арқылы білім беріп жатыр. 

Ақпарат MediaNet ұйымдастырған онлайн курс барысында әзірленді.



Фото: дереккөз
Загрузка...