Қыдырәлі Болманов "шегіртке" дегенге жауап берді

15 Мамыр 2020, 19:00
38574
Бөлісу:
Қыдырәлі Болманов "шегіртке" дегенге жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Желмая" жобасында қонақта болған әнші, продюсер, "Қазақстан Жастар одағы" сыйлығының, "Дарын" мемлекеттік сыйлығының лауреаты, "Құрмет" орденінің иегері, ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Қыдырәлі Болманов сұхбатын әншілердің жаппай лотерея ойнатуына қатысты бастады. 

Көп жағдайда бір нәрсенің шеті шықты ма, жабылып соны талқылап кетеміз. Лотерея ойнатудан басқа елімізде проблема жоқ сияқты. Мысалы, елорданың маңдайына қадалып тұрған "Astana LRT" көлік жүйесі бар. Не оны алып тастай алмаймыз, не өзгертіп, айналдырып қоя алмаймыз. Миллиардтаған ақша шығын болды, ескерткіш болып тұр қазір. Бірақ бізге ол маңызды емес, бізге Ернар Айдардың сүрініп қалғаны маңызды. Кім сүрінбейді? Қателеспеген, алданбаған адамды көрсетші? Ниетіміз ақ адал болатын болса, неге аудан-ауданда казино ашып тастадық? Ернарды бауырым ретінде қолдаймын. Жас баланың байқаусызда шалыс басқан қадамын әлі талқылап келеміз. Хайп керек бәріне. Журналистер айтқыш, жазғыш болса, ұрланып жатқан миллиардтарды неге айтпайды? Айтылған күннің өзінде неге бір бұрышын ғана айтып, Ернар Айдардың жағдайы сияқты жалпыға жайылып талқыланбайды?, - дейді продюсер.
Сондай-ақ, ол елдегі төтенше жағдай кезінде кәсіпті қалай сақтап қалу керек екенін айтты.
Қазір қай компанияға болмасын қиын кезең. Басымыздан небір "ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" өткерген қазақпыз. Аса бір қорқыныш шақыра беру де жөн емес. Негізі мүмкіндігінше, бизнестің бір ғана емес, бірнеше түрімен қатар айналысу керек. Бірі тұралап қалса, екіншісі алып кететіндей. Бастысы, елдің амандығы, қалғанын ретке келтіріп алуға болады, - дейді ол.
Осыдан бірер апта бұрын кәсіпкер, "Бизнес бастау" шеберлік сыныбының тренері Ахметбек Нұрсила "КТК" арнасындағы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында кейбір әншілерді шегірткеге теңеп, эстрада жұлдыздарының наразылығын тудырған еді. Осыған орай Қыдырәлі Болманов та бұл пайымға деген көзқарасының оң емес екенін аңғартты.
Тіл – өте күшті құрал. Біреудің бірдеңесін іштей жақсы көрмеудің өзі – ғайбат. Біреуді аң-құсқа теңейтіндей, алдымен, сен өзің кімсің? Бұл – таза ғайбаттау. Біздер шетелден келетін әншілерді тоқтатамыз, өзіміздің әнімізді дамытамыз деп домбырамызды арқалап, шетел асып жүргенде, олар қайда болған? Шоу-бизнес өзінің орнын алғаны сондай, біз мәдени кеңістігімізді жаулап алдық. Қазір әрбір қазақ әншісі стадион толы тыңдарманын өзі жинап жүр. Білімің асып бара жатса, ұлтыңа қызмет қыл, біреуге тиіспе, тілдеме. Айналып келгенде, бұл жерде әншілерге тиісе отырып, өзінің атын шығарып алу хайпы тұр, - дейді ол.
Еліміздегі кәсіпкерлік жайында сөз қозғаған Болманов 30 жылда Қазақстанның өз өнімі, өндірісі қалыптаспағанын айтты.
Біз әлі күнге дейін шұлықтың өзін шетелден аламыз. Үстіміздегі киімнің бәрі шетелдікі. Бос сөз көп. Өзін-өзі көсем қылу мақсаты бар. Сыртынан қарап отырсаң, бәрі мықты. Онда неге ісіміз жүрмейді? Тым болмаса, неге шұлық, қолғап тігетін ел болмаймыз?, - дейді әнші.
Продюсер сұхбатын өзін толғандырып жүрген мәселеге қатысты ойымен аяқтады.
Мені бір мәселе алаңдатады. Пәтерсіздің бәрі – қазақ. Өзіміз Қазақстанда тұрамыз. Қазаққа кеңдікті, жомарттықты, жер байлығын да бере салған. Неге үйі-күйі жоқтың бәрі қазақ? Жұмбақ, иә?, - деп қынжылыс білдірді Қыдырәлі Болманов.

Өзгелердің жаңалығы