Қырғызстанда Қазақстанның медицина күндері басталды

14 Қараша 2019, 14:46
8331
Бөлісу:
Қырғызстанда Қазақстанның медицина күндері басталды

Алматы, BAQ.KZ. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы Бішкек қаласында өтіп жатқан Қазақстанның медицина күндері аясында Қырғыз республикасының Ана мен баланы қорғау ұлттық орталығы мен Онкология және гематология ұлттық орталығымен екі жақты әріптестік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлады. 

Екі күндік шараға еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған 100-ден астам делегат қатысуда. Іс-шара ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз республикасына ресми сапары қарсаңында өтуде. 

Қырғызстандағы қазақстандық медицина күндері – бұл Қазақстан мен Қырғызстан денсаулық сақтау жүйелері арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге, медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, екі елдің азаматтарына медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету жолында тәжірибе мен біліммен, инновациялар мен технологиялармен алмасуға бағытталған іс-шара. 

Меморандум аясында екі ел арасында медициналық көмек көрсетуді арттыру, медициналық туризмді дамыту, медицина қызметкерлер мен дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру және тағы басқа салалар бойынша екі жақты әріптестік орнатылмақ. 

Сонымен қатар, шара барысында Қазақстан мен Қырғызстан медициналық ұйымдары арасында 10 меморандумға қол қойылды. 

Сапар барысында қазақстандық мамандар медициналық ұйымдарда азаматтарға тегін кеңес беруді ұйымдастыруды жоспарлауда. 

Сондай-ақ, іс-шара аясында Қазақстанның озық медициналық ұйымдарының қатысуымен медициналық көрме өтеді.

Өзгелердің жаңалығы