Юлдаш Султанов: Қазақ халқы қиын кезеңде қоныс аударып келген халықтың ауыртпалығын көтере білді

26 Ақпан 2021, 15:36
2293
Бөлісу:
Юлдаш Султанов: Қазақ халқы қиын кезеңде қоныс аударып келген халықтың ауыртпалығын көтере білді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1 наурыз – Алғыс айту күні. Көктемнің бірінші күнімен қатар келген бұл мерекеде қазақстандықтар бір-біріне алғыс айтып, сый-құрметтерін білдіреді.

Мерекені Қазақстан халқы алғаш рет 2016 жылы атап өтті. Алғыс айту күніне орай Түркістан облысы «Парвиз» тәжік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Султанов мерекенің мәнін түсіндіріп берді.

Султанов атап өткендей, 2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлей отырып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халықтардың түгелдей жер аударылғанын еске алған еді. «Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді», – деді Елбасымыз.
Ол Алғыс айту күнінің мән-мақсатына тоқталды.
Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі, - дейді Юлдаш Султанов.
Оның айтуынша, қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Әрине, бұл мереке біздің менталитетке сай емес деушілер де табылар. Дегенмен жылдың бір күнінде не үшін рақмет айту керек екенімізді ойлана жүрсек, артық етпейтін секілді. Көптеген адам материалдық жағынан толық қамтамасыз етілген болса да, алғыс айта білмегені үшін рухани кедей болып қалып жатады. Мерекенің басты мақсатының бірі – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту, - дейді ол.

Ол өз сөзінде ата-бабасының алғаш Қазақстанға қоныс аударғандағы тарихымен бөлісті.

Ата-бабамыз 1936 жылы Самарқанд облысының Фариш ауданынан Қазақстанның Мақтаарал ауданына қоныс аударған. Қоныс аударуының негізгі мақсаты - тың және тыңайған жерлерде игеру болған. Осы тұста ешбір дүние-мүліксіз көшіп келген ата-бабамыз қазақ халқының көмегінің арқасында ғана аман қалған. Аштық пен қуғын-сүргін қасіретін көрсе де, кеңпейіл халқымыз қолындағы соңғы нанымен бөлісіп, тағдыр тәлкегіне түскендерге көмегін аямады. Осылайша Қазақстан зорлықпен көшіп келген өзге ұлт өкілдерінің екінші отанына айналды, - деп айтты Юлдаш Султанов.
Түркістан облысы «Парвиз» тәжік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Султанов Қазақстанда туып-өскен. 5 перзенті бар.

Юлдаш Султанов 1961 жыл 23 мамырда ОҚО Мақтаарал ауданында дүниге келген. 1968 жылы Ушинский атындағы жалпы орта мектебіне 1-сыныпқа барады. Кейін 1979 жылы Өзбекстан Республикасы Сырдария облысында ПЕД институтына физмат мамандығына оқу түсіп, оны 1984 жылы бітіреді. Сөйтіп, облыстағы әл-Фараби атындағы мектепке физика-математика мұғалімі болып жұмысқа орналасады.

Ол 2016 жылдан бері Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі және Түркістан облысындағы «Парвиз» тәжік-этномәдени орталығын басқарады.

Қазақстанды өз Отаным деп білемін. Тәжікстанда ешқандай туыстарым жоқ, - дейді ол.

Сұхбат барысында қазақ тілін қалай үйренгені туралы да сөз етті.

Қазақ тілін өз ана тілімдей жақсы меңгергенмін. Ауылда көбісі қазақтар. Ауылдастарыммен бірге ойнап жүріп қазақ тілін тез, еш қиындықсыз үйреніп алдым. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң ауылға келіп, қазақ мектебіне жұмысқа орналастым. Оқушыларға физика-математика пәндерін сабақ бердім. Қазақ тілін білгендігімнің арқасында осы уақытқа дейін мұғалім лауазымынан директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілдім. Сондай-ақ, қазір маған мемлекеттік қызметтерді алуда да қазақ тілінің көмегі тиіп жатыр, - деп айтты Султанов.

Сонымен қатар Юлдаш Султанов Алғыс айту күнін қалай атап өтетіндерін айтты.

Біз 1 наурыз - Алғыс айту күнін асыға күтеміз. Себебі жыл сайын осы мерекені ауылдастарымызбен бірге тойлаймыз. Біздің ауылда қазақтар, тәжіктер тұрады. Ауылымыздың үлкен ақсақалдарын жинап, сол кісілерге алғыс айту мақсатында дастархан жайып, шапан кигізіп, құрмет көрсетеміз. Бұл мереке аудандық көлемде де аталып өтіледі, ол жерде де дәстүр бойынша киіз үйлер тігіледі. Сондай-ақ, ұлттық тағамдар дайындалып, қазақ жерлестеріміз дәмін татады, - дейді ол.

Султанов бұл мереке тек 1 наурыз күнімен шектеліп қалмау керектігін айтты.

Мыңдаған ұлттың сақталып қалуына біздің қазақ халқының мейірімі, жанашырлығы себеп болғандығы туралы осында өмір сүріп жатқандарының кез келгенінен естиміз. Халқымызда «көп дұғасы - көл» деген мақал бар. Аллаға шүкір, осыншама ұлттың қазаққа берген дұғасының тілегі қабыл болғаны шығар, бүгін елімізде тыныштық, әлем таныған елдердің біріне айналдық. Әрине, елдегі ұлттардың ынтымағын, бірлігін сақтап отырған Елбасымыздың ерен ерлігін ерекше атап өту керек. Сол себепті Елбасымызға, елімізге алғыс айтудан жалықпаймыз, - деп атап өтті ол.

Юлдаш Султанов Елбасының жетекшілігімен жүзеге асырылған мемлекеттің ұлттық саясаты әр ұлттың этникалық жаңғыруын, өз тілдері мен салт-дәстүрлерін берік ұстану арқылы өздерін толыққанды ұлт ретінде әрі осы елдің тең құқылы азаматы ретінде сезіне алатынын айтты.

Республиканың ішкі саясатында ұлтаралық келісім мәселесі, өркениетті түрде өзара келісімге келуі айрықша маңызды орынға ие болды. Осының арқасында 130-дан астам ұлт өкілдері «Қазақстан - ортақ отанымыз, ортақ үйіміз» деген құндылықтың төңірегіне топтаса білді. Қазақстан секілді көпұлтты мемлекетте ұлтаралық келісімді нығайту бойынша жүргізіліп жатқан реформалардың жемісті болуы мен тұрақты дамуының ең басты шарттарының бірі болғаны анық. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі атап өткендей, «Біздің саясатымыздың ең басты өзегі барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің ортақ құндылықтарын тауып, олардың біріге отырып, дербес дамуына қажетті алғышарттарды анықтай білуімізде болды» деген болатын. Қазірге күні атқарылған жұмыстардың арқасында елімізде ұлтаралық татулық жоғары деңгейде, - деп атап өтті ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, жас ұрпақтың бойына ұлтаралық қатынас мәдениетін қалай сіңіре алатынымыз туралы сөз қозғады.

Жастар бойында ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру - бұл білім беру, адамгершілік, басқаларды құрметтеу сияқты адами қадыр қасиеттерді бойларына сіңіру. Бүгінгі таңда көпұлтты Қазақстан қоғамында жастар арасында ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Ұлтаралық қатынас әлеуметтік-эканомикалық, мәдени даму тұрғысындағы әр түрлі деңгейлі елдердің әр түрлі этникалық-әлеметтік қауымдастықтарының ынтымақтастығын, өздері өмір сүріп жатқан елдің азаматы сезінуі, достығы, әріптестігі өзара түсіністігі негізінде пайда болады, - деп түсіндірді Юлдаш Султанов.

Сөз соңында отандастарына алғысын білдірді.

Ең алдымен, бұл - елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған күн. Бұл - Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының толыққанды қалыптасқандығын көрсететін мереке. Бұл – түрлі этностардың миллиондаған өкілінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда елімізге кезінде қоныс аударып келген халықтың ауыртпалығын қайыспай, бірге көтере білді. Бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Сондай-ақ, ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жапа шеккен қазақ халқының ұлдары мен қыздарына пана болған елдерге шексіз ризашылығымызды білдіреміз! – деді Султанов. 

Өзгелердің жаңалығы