Қызылордада әлеуметтік дүкендерде азық-түлік арзан бағамен сатылуда

26 Наурыз 2020, 21:46
2872
Бөлісу:
Қызылордада әлеуметтік дүкендерде азық-түлік арзан бағамен сатылуда
Фото: автордан

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында әлеуметтік дүкендерде азық-түлік арзан бағамен сатылуда.

Сыр өңірінде елдегі төтенше жағдайға байланысты халық көп тұтынатын тағамдардың бағасына бақылау күшейді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сейілбек Нұрымбетовтің мәлімдеуінше, биыл нан бағасын тұрақтандыру мақсатында ұн өндіретін кәсіпорындармен тиісті келісімдер жасалды, қаржы да бөлінді. Ал өңірлік тұрақтандыру қорына алынған ұн наубайханаларға төмен бағада берілуде.

Облыста әлеуметтік нан бағасы орта есеппен 71,5 теңге болады. Ал әлеуметтік дүкенде 55 теңгеден сатылады, – дейді Сейілбек Нұрымбетов.

Бүгінде коронавирус инфекциясының таралу қаупі, АҚШ доллары курсының жоғарылауы салдарынан аймақта азық-түлік тапшылығын болдырмау және оның қымбаттауына жол бермеу үшін тұрақтандыру қорына қосымша 4 мың тоннаға жуық өнім алуға тиісті қаражат бөлінген. Облыс әкімінің резервінен де қаржы қарастырылып, 1 мың тоннадан аса өнім сатып алынған. Аталған өнімдер жақында құрылысы аяқталған сыйымдылығы 2 мың тонна болатын қоймада сақталады.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 26 әлеуметтік дүкен жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, 20 дүкен салынады деп жоспарланып отыр. Әлеуметтік дүкендерге өнімдер тікелей тауар өндірушілерден, ірі сауда орындарынан әкелінеді. Сондай-ақ, мұндағы азық-түлік бағасына апта сайын мониторинг жасалады.

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бектас Нұридиновтің айтуынша, ең алдымен халық үшін маңызды ұн, сүт, май, сәбіз, картоп, жуа секілді 19 түрлі азық-түліктің бағасына мəн беріледі.

Жедел штаб мүшелері дүкендерді аралап, бағаны тексереміз. Сатушылардың, тіпті тұтынушылардың пікірін де білеміз. Сыр-ескертпесі бар ма, әлде баға көңілінен шыға ма, ойларын тыңдаймыз. Жалпы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мұнда арзанырақ. Яғни нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен. Атап айтсақ, нан бағасы 55 теңге, 1 сортты бидай ұнының келісі 126 теңге, тұз 40 теңге, жұмыртқа 24 теңге, картоптың келісі 83, жуа – 55, сәбіз – 82, қант – 240, күріш – 200, сиыр еті – 1550, сары май 500 теңге, сиыр сүтінің литрі 230, өсімдік майының литрі 340 теңге, – дейді қала әкімінің орынбасары.

Б.Нұридинов халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына жол бермеу бағытында шаһарда "Алтын қамба" қоры жұмыс істейтінін айтты.

Сонымен бірге, барлық ауданда базарлар мен сауда үйлерінде сатылып жатқан азық-түлік бағаларына мониторинг жұмысы жүргізіліп, қатаң қадағалануда.

Айта кетейік, 26 наурыз бойынша Сыр өңірінде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Облыста барлығы 70 адам мониторингтік бақылауға алынған. Оның ішінде 16 адам провизорлық стационарда медициналық қадағалауда.

Өзгелердің жаңалығы