Заңсыз аңшылыққа салынатын айыппұл 10 млн теңгеге дейін көбейеді

20 Қараша 2019, 11:37
2337
Бөлісу:
Заңсыз аңшылыққа салынатын айыппұл 10 млн теңгеге дейін көбейеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов қоршаған ортаға қарсы қылмыстарға қолданылатын жаза күшейтілетінін айтты. 

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралып жатыр. 

Қоршаған ортаға қарсы қылмыстарға қоғамда резонанстар тудыруда. Қазір заңсыз аңшылық, барлық су жануарларын аулау, өсімдіктерге қатысты әрекеттер теріс қылықтар қатарына жатады. Енді олар ауырлығы орта қылмыстар санатына кірмек. Жаза мөлшері де күшейтіледі, - деді бас прокурордың орынбасары.

Ахметжановтың сөзінше, бүгінде айыппұл 5 мың теңге болса, ол 10 млн теңгеге дейін көбейеді. Осындай әрекеттер үшін 50 тәулікке қамауға алынуы мүмкін болса, заң жобасында төрт жыл бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. 

Егер бұл қылмыстар табиғи қорықта жасалса, қызыл балықты немесе жалпы балықты ауласа, сирек кездесетін Қызыл кітапқа енгізілген аңдарды ауласа – алты жыл, ал аса ірі көлемде немесе қылмыстық топ болса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру бекітіліп отыр. Осындай қылмыс жолымен тапқан барлық мүлкі, қылмыс құралдары, көлігі, қайығы, мылтығы, тапқан дүниесі тәркілеуге жатады, - деді ол. 

Ол заң жобасында заңсыз киік мүйізімен айналысқаны үшін жеке құрам қарастырылатынын айта кетті. 

Жазасы қатал, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Айыппұл болмайды. Қазір нақты тосқауыл қоятын кез келді. Әйтпесе киіктен мүлдем айырылып қалу қаупі басым. Осы табиғатымызды, аң-құстарымызды қорғайтын инспектордың және қорықшының өміріне қауіп төндіріп, күш қолданғаны үшін жауаптылықты енгізуді ұсынамыз. Осындай қылмыстар үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру болады, - деп айтты Ахметжанов ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында.

Өзгелердің жаңалығы