ШҚО: Зайсан ауданының әкімі ауысты

24 Ақпан 2020, 10:32
2674
Бөлісу:
ШҚО: Зайсан ауданының әкімі ауысты

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осыған дейін Үржар ауданының әкімі қызметін атқарып, Алакөл аймағының бойына қан жүгірткен Серік Зайнулдин Зайсан ауданының әкімі болып тағайындалды. 

Бүгін жұмыс сапарымен Зайсан ауданына атбасын бұрған аймақ басшысы Даниал Ахметов аудан тұрғындарына жаңа басшыны таныстырды. Аудандық мәслихат депутаттарының бірауыздан қолдаған шешіміне орай ауданның жаңа басшысы болып Серік Зайнулдин тағайындалды. 

Өз кезегінде сөз алған Серік Зинабекұлы Зайсан ауданында орын алған өткендегі оқиғаға байланысты өңір басшысы мен аудан тұрғындарының алдында кешірім сұрап, алдағы уақытта барлық мәселені ретке келтіруге уәде етті. Сондай-ақ, аудан тұрғындары алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Даниал Ахметов он күн ішінде Сауыр-Сайхан өңіріне тағы бір мәрте келіп, жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылайтынын тілге тиек етті.  

Туған күні қарсаңында өзінің туған жеріне қайта оралған Серік Зинабекұлы бұған дейін де Зайсан ауданын басқарған болатын. Үржарда әкім болған ол Алакөл аймағының туристік әлеуетінің артуына зор үлес қосып, көл жағалауының инфрақұрылымын жақсартты. Туризмді дамытуға бөлінген 6 млрд-тан астам қаржыны оңтайластыра білген оның тұсында Үржар өңіріне тартатын теміржол, әуе бағыттары жолға қойылды. Оның тұсында автобекет жөнделіп, Алакөлге арбат салынды, көл жағасы беріктендіріліп, келімді-кетімді туристер саны 700 мыңнан асты. Серік Зайнулдин Зайсан өңірінің тумасы. Ол 1964 жылы 25 ақпанда Зайсан қаласында дүниеге келген. Семей зооветеринарлық институтын тәмамдаған ол еңбек жолын Айнабұлақ кеңшарында зоотехник болып бастаған. 1991-1993 жылдары Айнабұлақ кеңшарының директоры қызметін атқарып, кейін Зайсан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімін басқарып, аудан әкімінің құрылыс және ТҮКШ саласына жауап беретін орынбасары қызметінде болды. 2007-2010 жылдары Катонқарағай, 2010-2013 жылдары Зайсан, 2013-2020 жылдары Үржар аудандарын басқарды.

Естеріңізде болса, өткен аптада Сартерек пен Айнабұлақ ауылдары тұрғындары ауылдарда коронавирусқа қарсы оқшаулау орталықтарын құруға қарсылық білдірген болатын. Жергілікті әкімдікті түсіндіру жұмыстарын уақытында жүргізбеді деп айыптаған аудан тұрғындары бұған дейін ауданды басқарған Серік Ақтановты орнынан алып тастауды талап еткен болатын. Дереу Зайсанға келіп, халықпен кездескен Даниал Ахметов барлық мәселені шешетінін, дүйсенбі күні тағы да келетінін айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы