Жұмыла күресу арқылы ғана пандемияны тоқтатамыз

12 Шілде 2020, 11:09
1694
Бөлісу:
Жұмыла күресу арқылы ғана пандемияны тоқтатамыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біз жұмыла күресу арқылы ғана короновирустық пандемияны тоқтатып, оның жойқын күшпен қайталануына қарсы қалқан бола аламыз дейді Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Болатбек Әбдірәсілов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиямен күрес және отандастарымыздың денсаулығын қамтамасыз ету мәселесін әрқашан жіті бақылауда ұстап отыр. Күллі адамзатты зақымдаған COVID-19 індеті өте ауыр әрі жауыз тұрпатта ортаға шықты. Бұл аурудың емі мен оған қарсы вакцинасы әлі табылмады. Сондықтан, әлемдегі дамыған елдерді қоса алғанда көптеген мемлекетте бұл індет мыңдаған адамның өмірін қиюда. Өкінішке қарай, бұл қайғы бізді де айналып өтпеді. Арамызда осы ауру кесірінен жақындарынан, таныстарынан, әріптестерінен айырылған жандар да аз емес. Індет жас кәріге қарамастан адамдардың өмірін қылыштай қиып жатыр, - дейді ол.

Сондықтан, 13-шілде - Президентіміз жариялаған Жалпыұлттық аза тұту күнінде бұл жауыз індеттен көз жұмғандарды еске алып, отандастарымыздың жаны мен денсаулығын сақтаймын деп өмірден озған медицина қызметкерлеріне тағзым ету баршамыздың парызымыз! Бұл күн - пандемиямен күресте халқымыздың бірлігі күні болуы керек. Сонымен қатар, біз үшін отандастарымыздың, олардың туыстарының және әріптестерінің өмірі мен денсаулығын сақтаудағы жауапкершілікті түсіну күні болу керек деген пікір білдірді. 

Пандемияға қатысты проблемаларды жүйелі түрде шешу жалғасып жатқанда, біз қол қусырып күтпеуіміз керек деп ойлаймын. Әрбір ұжым өз деңгейінде індетке байланысты қиын жағдайға тап болып, көмек қажет ететін қызметкерлеріне тиісті қолдау көрсету үшін барлығын жасауы керек. Бұл тұрғыда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті басшылығы, Кәсіподақ ұйымы және университеттің Клиника-диагностикалық орталығы бірлесе Жол картасын жүзеге асыруда. Жол картасы аясында клиниканың және медицина факультетінің дәрігерлерінен топ құрылып, науқастанған қала тұрғындары мен университет қызметкерлеріне онлайн-кеңес беруде. Қызметкерлерге дәрі-дәрмек сатып алуға Кәсіподақ ұйымы қаржылай қолдау көрсетеді. Осы мақсатта бекітілген хаттамаға (протокол) сәйкес антибиотиктермен пневмонияны емдеудің 200 курсына жеткілікті қаражат бөлінді, - деді Болатбек Әбдірәсілов.
Ректордың айтуы бойынша, оқытушылар мен қызметкерлер тиісті процедуралардан өтуіне мүмкіндік жасалған.

Университет клиникасында қызметкерлерге ақысыз негізде пневмонияны анықтау үшін компьютерлік томаграфиямен тексеру жүргізілуде және қажет болған жағдайда емделуі үшін клиниканың провизорлық бөліміне жатқызылуда. Сондай-ақ, университет клиникасы мен "АИ" медициналық орталығында амбулаториялық емдеу ұйымдастырылған. Мұнда оқытушылар мен қызметкерлер тиісті процедуралардан өтуіне мүмкіндік жасалған. Осылайша, біз диагностика мен емге мұқтаж барлық қызметкерлерді қамтамасыз етудеміз, - деді ректор.
Сонымен қатар, пневмониядан жазылып шыққан оқытушылар мен қызметкерлердің еліміздің ең жақсы шипажайлары мен демалыс үйлерінде реабилитациядан өтуі үшін де жағдай жасалған.

Сонымен қатар, университеттің кәсіподақ ұйымы тарапынан пневмониядан жазылып шыққан оқытушылар мен қызметкерлердің еліміздің ең жақсы шипажайлары мен демалыс үйлерінде реабилитациядан өтуі үшін 300 жолдама беру мәселесі шешімін тауып отыр. Біз жұмыла күресу арқылы ғана коронавирустық пандемияны тоқтатып, оның жойқын күшпен қайталануына қарсы қалқан бола аламыз. Дүрбелең мен эмоцияға жол бермеуіміз керек. Әлеуметтік желілерде көптеген жалған ақпараттың жиі таратылатынын ескере отырып, баршаңызды тек ресми ақпараттарды қолдануға шақырамын. Әзиз халқымыз бұдан да ауыр сынақтардан абыроймен өткен, сондықтан біз - қазіргі қазақстандық буын, бұл қиындықтарды да абыроймен жеңеміз деп сенемін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы