Бас жаңалықтар
Ақтөбеде Жалаңтөс Баһадүрге арналған конференция өтті
PHOTO
26 Қазан 2019, 14:09 1779

Ақтөбеде Жалаңтөс Баһадүрге арналған конференция өтті

АҚТӨБЕ, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде "Ұлы даланың Ұлы есімдері: Жалаңтөс Баһадүр және түркі дүниесі" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақтың даңқты батыры, қолбасшы, Самарқан әмірі Жалаңтөс Баһадүр есімі ұлықталды. 

"Ұлы даланың Ұлы есімдері: Жалаңтөс Баһадүр және түркі дүниесі" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өтті. "Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы" қайырымдылық қоры мен С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті елімізбен қатар Әзірбайжан, Түркия, Ресей, Дағыстан мен Өзбекстанның ғалым, профессорларының басын қосты. 

Ғалымдардың сөзінше, Жалаңтөс бабамыз өз заманының аса білімді адамы болған. 5 жасынан білім алып, медресе бітірген. Әскери жоғары білімді болыпты. Ел билеу мен соғыс ісінде де ерекше дарынымен көзге түскен. Бұхар ханы 1618 жылы мемлекеттің қолбасшысы, хандықтың ішкі тәртібін қадағалайтын, шет елдермен қарым-қатынас жасайтын уәзір етіп тағайындайды. 

20191026_111024.jpg

"Үздік істермен дараланған Жалаңтөс 1626 жылы Бұхар хандығына тәуелсіз Самархан аймағын құрып, әмір атанады. Бабамыздың шебер әскери қолбасшылығы, саясатқа жетіктігі, адамгершілік тұлғасы көп елдерде аңызға айналады. Жауының өзі қадір тұтқан. Туған халқын да естен шығарған жоқ. Қазақ Ордасының даңқты ханы Салқам Жәңгірмен тығыз байланыс орнатқан. Ал, Баһадүр билеген кезеңде Самарқан Орта Азиядағы ең қауіпсіз қала болыпты", - деді С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, профессор Бекежан Ахан. 

Самарқанда Жалаңтөс батырдың бастамасымен салынған 500 жылдық тарихы бар медреселер мен діни дәрісханалар бар. Жалаңтөс Баһадүр қазіргі  Самарқанның негізгі туристік нысанына айналған Регистан ансамблін салдырған. Осы елге келетін туристердің 90%-дан астамы Регистанды араламай кетпейді екен. Конференция барысында Бекежан Ахан түркі әлемі ғалымдарының жинағын келген меймандарға табыс етті. Халықаралық шараға әлемнің 8 елі мен Қазақстан ғалымдарынан 100-ден астам баяндама түскен. 

20191026_110822.jpg

"Жалаңтөс бабамыз қазақ байларының ата-салтын ерекше ұстаған. Ақыл, ойы толысқан, жомарт жанды бай деп санаған. Орыс ғалымы айтқан, қазақ байларының функциясы - тек өзін асырау ғана емес, рудың ішіндегі бүкіл адамдарын асырау. Осы тұрғыда Жалаңтөс бабамыздың тарихта қалдырған ізі зор. "Біздің істерімізді, өнегелерімізді білгің келсе, салған құрылыстарымызды қара" деген Әмір Темірдің кезінде айтқан сөз бар. Ал, Жалаңтөс бабамыз кезінде осындай екі үлкен ғимарат салған", - деп атап өтті Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының профессоры Ахмет Тоқтабай. 

20191026_103501.jpg

"Ұлы даланың Ұлы есімдері: Жалаңтөс Баһадүр және түркі дүниесі" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде Ресей, Өзбекстан, Дағыстан мен Әзірбайжан ғалымдары Жалаңтөс Баһадүрдің әлемдік өркениеттегі рөлі, түркі ерлік эпосындағы бейнесі туралы баяндап берді. Конференция соңында қатысушылар Жалаңтөс Баһадүр өмірінен қысқаметражды деректі фильм тамашалады. Оған қоса, бүгін облыс орталығында батырдың ескерткіші ашылды.


Фото: автордан
Загрузка...