Бас жаңалықтар
Жамбыл облысы қосалқы шаруашылықтарды дамытуда
30 Наурыз 2020, 08:43 342

Жамбыл облысы қосалқы шаруашылықтарды дамытуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауылдықтардың тұрмыстық табысын жақсартудың пилоттық жобасы аясында Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылының тұрғындары мал шаруашылығын, егін шаруашылығын және шағын бизнесті дамыту жолында 2% мөлшерлеме бойынша несиеге қол жеткізді.

Ауылда жобаның "Үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану" бағыты бойынша 901 аулада 118 гектар жерде көкөністер мен жемістер өсірілетін болады.

Алаңдардың басым бөлігіне қызанақ пен қияр егілмек. Барлық үй маңындағы учаскелер суармалы сумен қамтамасыз етіледі. Ол үшін 6100 метр арық тазаланып, 2500 метр лотоктар жөндеуден өткен. Иелерінің сұрауы бойынша 765 аулада ауыл шаруашылығы техникасының көмегімен егу жұмыстары атқарылатын болады, қалған отбасылар өз күштерімен жұмыс істеуге дайын, - деді Байқадам ауылдық округінің әкімі Амантай Назарбеков.
Оның  айтуынша, маусым айында әр ауланың орташа табысы 618 000 теңге болады деп күтілуде екен.

Ал, жобаның екінші бағыты "Мал шаруашылығын дамыту" бойынша Амантай Назарбековтің айтуынша, 92 үй иесі 1 275 бас мал сатып алған. Оның ішінде 288 бас ірі қара, 40 бұқа, 159 жылқы, 709 бас ұсақ мал.

Ауыл тұрғындарының бірі Алтай Нұрманов 3 360 000 теңге несиеге қол жеткізіп, жеті бас жылқы сатып алыпты.

Мал сатып алуға 2,8 миллион теңге жұмсадым. Ал қалған бөлігіне бір жылға жетпейтін жем-шөп қорымды толықтырдым. Әйелім өзі бие сауа береді. Өзіміз ішкенге азын-аулақ қымыз дайындаймыз. Ал табыс көзін мал өсіріп, көбейту арқылы қалыптастырмақпыз. Есептеуім бойынша жылқыларымнан жылына үш-төрт құлын аламын деп жоспарлап отырмын. Бұдан бұрын да мен мал шаруашылығымен айналысқанмын, алайда ісімді ілгерілету үшін қосымша қаражат керек еді. Бұл орайда төмен пайыздық несиенің үлкен көмегі болды, - дейді ол.
Алтайдың көршісі Нұртай Бөлегенов те 2 миллион теңгеге 5 жылқы сатып алған. Ол да малды өсіріп, сатумен айналысуға ұйғарым жасапты.

Сондай-ақ жобаның үшінші бағыты "Ауыл сыртындағы жерлерді  тиімді пайдалану" бойынша ауылдық округтен тыс 70 гектар бос жер анықталған. Оларды ұтымды ұқсатудың жолдары қаралмақ.

Төртінші бағыт бойынша "Саудакент-2019" кооперативі құрылып,  оған 87 миллион теңге сомаға 20 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Құрылым төрағасы Бегайдар Айтбаевтың айтуынша, әзірге алты шаруа қожалығы кооператив мүшесі атаныпты. Пилоттық жобаның барлық қатысушылары несие алғаннан кейін мүшелер саны арта түседі деп күтілуде.

Біз жерді өңдеу, егу және суару үшін техника береміз. Үй іргесіндегі жерлерден табыс алғысы келетін тұрғындарға кооператив төмен бағамен тұқым мен тыңайтқыштар ұсынады. Сондай-ақ біз дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізумен және оны нарыққа жеткізумен айналысамыз. Пилоттық жобаның арқасында құрылған кооператив 20 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз ететін болады, - дейді Б.Айтбаев.

 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...