Бас жаңалықтар
Жамбыл облысы толықтай таза ауыз сумен қашан қамтылады?
28 Қазан 2020, 19:30 147

Жамбыл облысы толықтай таза ауыз сумен қашан қамтылады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдағы бес жылда Жамбыл облысында таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі 100 пайыз шешілетін болады. 

Бұл туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев айтты.

Оның айтуынша облыстағы төрт қалада 394 мың тұрғын немесе 88 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.

Қалған қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Тараз қаласында 6 жоба, Шу қаласында 8 жоба әзірленуде. Жалпы жобалар құны 9 млрд. теңгені құрайды, - деді Қ.Қорғанбаев.

 Ал, облыстың ауылдық елді мекендеріндегі тұрғындардың 75 пайыздан астамы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамсыз етілген. Жыл басынан бері 9 елді мекенде тұратын 13100 адам орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізген. Ағымдағы жылы, 50 ауыз сумен жабдықтау нысанының құрылысына 17 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.

Өткен жылмен салыстырғанда ауыз сумен қамту саласындағы жұмыстардың көлемі  2,5 есеге артып отыр. 30 елді мекенде жаңа ауыз су құбырлары салынып, 10  ауылда қолданыстағы су құбырлары жөнделуде. Жыл соңына дейін ауыл тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 75,2-ден 82,8 пайызға жететін  болады, - деді Қорғанбаев.

Сондай-ақ, халық саны 200-ге дейінгі 36 елді мекенде    суды тазартудың кешенді блок модульдерін орнату көзделуде. 78 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етудің  2021-2025 жылдарға арналған жоспары әзірленген.

Қазіргі уақытта 39 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жалпы өңірлік жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін облыстағы қала және ауыл тұрғындарын 100 пайыз ауыз сумен қамту жоспарлануда.

Сонымен қатар,  Құдайберген Қорғанбаев әзірленіп жатқан жобаларды Үкімет жедел түрде қаржыландыруды қолдаса,  елді мекен тұрғындарын толық ауыз сумен қамту деңгейін 2023 жылы аяқтауға мүмкіндік бар екендігін айтып өтті.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...