Жамбыл Жабаевқа 175 жыл: Екі дəуірдің куəсі болған ақын

16 Наурыз 2021, 15:37
5745
Бөлісу:
Жамбыл Жабаевқа 175 жыл: Екі дəуірдің куəсі болған ақын
PHOTO

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Оңтүстік өңірдегі Түлкібас ауданы Абай атындағы мектеп-лицейінде қазақ тілі мен əдебиеті пәні мұғалімдерінің жəне мектеп кітапханасының ұйымдастыруымен жыр жампозы Жамбылдың 175 жылдығына арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты тағылымды поэзия кеші болып өтті.

Мектеп кітапханасының меңгерушісі Камила Шындалиева мен қосымша білім беру педагогы Фариза Жақсылықова жиналған оқушы қауымға қазақтың қара өлеңін кие тұтқан Жамбылдың шығармашылығы туралы жан-жақты тарқатып айтып берді. Соңынан алып ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді.

Поэзия кешіне қатысқан 5, 9 сынып оқушылары ақын шығармаларынан үзінді оқып шықты. Сонымен қатар, мектеп-лицейдің жас жазба ақындары өздерінің ақынға арнаған өлең жолдарын оқыды. Ал 9-сынып оқушылары ақынның балалық шағынан көріністерді сомдады.

Жамбыл екі заман тұсында да өмір сүріп, екі дəуірдің куəсі болған ақын. Ол өз көзімен көрген өмірдің бар шындығын жырлады. Жамбыл атамыздың өлеңдерімен сусындап өскен ұрпақтан күні ертең еліне адал, қорған болатын азаматтар шығады деп үміттенемін. Ғасыр жасаған ақынның жырлары ұрпақтың жадынан өшпек емес. Биыл ақынның 175 жылдығына орай мектебімізде арнайы кеш ұйымдастырып, рухына тағзым етуді жөн көрдік, - деді кітапхана меңгерушісі Камила Шындалиева.

Қазақ поэзиясының дүлдүліне айналған, даналығымен әлемге танылған, қазақ халқының рухани көсемі Жамбылдың жалынды жырларын дәріптеу, ақындық тұлғасын таныту облысымыздың өзге де мектептері мен кітапханаларында кеңінен жалғасуда. Атап айтқанда, Түлкібас ауданындағы М.Мәметова атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебінде де қазақ поэзиясының алыбына, айтыскер ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай мұғалімдер арасында ақынның шығармаларын мәнерлеп оқудан челлендж өткізді.
Іс-шараға пән мұғалімдері белсенді қатысты. Ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында мәнерлеп оқу челленджін мектеп директоры Мұратжан Сарсембаев Түлкібас ауданындағы А.Гайдар атындағы жалпы орта мектебінің ұжымына жолдады.

жабаев1.JPG

Сазгер, ақын, айтыскер ретінде Жамбыл ғасырға жуық ғұмырында қазақ халқының бостандығын, шындығын, қадір-қасиетін халыққа жырлап өтті. Біз жастарға тәлім-тәрбие мен патриоттық сезімді сіңіру үшін Жамбыл жырларын жеткізуді мақсат етіп қойдық. Осы орайда «Ақынның жырларының өзі теңіз түбіне жатқан маржандай, оны жинап-теру біздің борышымыз» деп айтқан Сәкен Сейфуллиннің сөзі еске түседі. Оның жырлары халықпен мәңгі жасай бермек, - деді Мұратжан Сәрсембаев.

Айта кетейік, Түркістан облысында жыр алыбы Жамбыл ақынның 175 жылдығын Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында орналасқан №101 жалпы орта мектебі де атап өтті.

Іс-шараны қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Н.Юнусметова мен кітапханашы М.Халмуратова ұйымдастырды, қалған мұғалімдер ашық тәрбие сағаттарын өткізді. Олар ұлы ақынның өмір тарихы мен жырларын жас ұрпаққа үлгі етіп, кеңінен насихаттай білді. Осылайша қос дәуірдің куәсі болған ақынның жырлары биыл облысымызда кеңінен аталып өтілуде. Рухани мұралар қатарындағы Жамбыл жырлары ұрпақтың санасында өшпек емес.  

жабаев2.JPG

Жамбыл Жабаевтың – суырып салма ақындық өнері болған. Бір қызығы Жамбыл ақынның тегінде, арғы аталарының арасында өнерге жақын жандар болмапты. Алайда ақынға өнер анасы Ұлдан арқылы келгенге ұқсайды. Өйткені, Ұлданның ағасы Қанадан танымал композитор әрі музыкант болыпты. Болашақ ақын домбыраны жастайынан үйренген. Өз замандастарының ортасында талантымен ерекшеленіп көзге түсе бастайды. Әйгілі ақын Сүйінбайдың сүйікті шәкіртіне айналады. Ұзақ жылдар ұстазымен бірге жүріп, оның айтысын тыңдап, ақындық шеберліктің тәжірибесін үйренеді. Оның батырлық, ерлік дастандары мен поэмалары келер ұрпаққа таптырмас жауһар қазынаға айналды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де рухты жырларымен солдаттарға күш берді. Ол Ленинград қаласында радио арқылы кеңінен тарады. Дүлдүл ақынның шығармалары орыс тіліне ғана аударылса да шетелдік оқырмандардың жүрегінен орын ала білді, - деді Н.Юнусметова.

         


Өзгелердің жаңалығы